Жаңаөзен қаласының айналасындағы үйілген қоқысты тазалау үшін әкімдік 191 млн теңге сұрап отыр

07 наурыз 2022, 10:38

Әкімдіктің айтуынша, қоқысты тазалауға техниканың жетіспеуі кедергі

Жаңаөзен айналасында қоқыс үйіліп жатыр. Күн өткен сайын иен дала «полигонға» айналып барады. Былтыр ғарыштан бақылау арқылы үйіндіге толы 38 нүкте анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 
Үйілген қоқысты әкімдік те тазалауға асығар емес. Олар бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 191 млн теңге сұрап отыр.

Тау болып үйілген қоқыс арасынан құрылыс материалдарын, тамақ қалдықтары, көліктің темір-терсектерін, тіпті үй жиһазын кездестіруге болады. Бұл үйіндінің бір бөлігі ғана.

Жаңаөзеннің іргесіндегі Теңге, Қызылсай, Кендірлі ауылының да маңы қоқысқа толған. Экологтар тұрғындардың қалдықты ретсіз тастап кететінін айтады. Ал ауыл жұрты бұған жауапты мекемелерді кінәлайды.

Биыл жүргізілген ғарыштық мониторинг көмегімен облыста рұқсат етілмеген 103 қалдық орыны анықталған. Оның 38-і Жаңаөзен қаласында. 41 гектарды алып жатқан аумақта 614 мың текше метр қалдық жиналған. Ішінде 10 жылдан бері тазаланбаған үйінділер бар. Экология департаменті былтыр осыған қатысты Жаңаөзен әкімдігіне тазалауға тапсырма берген. Алайда бұл істе жауаптылар асығар емес.

«1 жыл бойы Жаңаөзен қаласы әкімдігімен 4 нүкте тазаланған. 34-і әлі жатыр, бұл бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр. Облыс әкімінің орынбасарымен қоқыс орындарын жинақтау кестесі тағайындалды, 2021 жылдың 8 айында тазалау кестесінің уақыты өтті», - дейді облыстық экология департаментінің инспекторы Дархан Теңелбаев.
Ал Жаңаөзен әкімдігі мамандарының айтуынша, қоқысты тазалауға техниканың жетіспеуі кедергі. Сондықтан облыстық бюджеттен 191 млн теңге қаражат сұрап отыр. Екіншіден, қалада құрылыс қалдығын тастайтын полигон жоқ.

«Қалдықты жою үшін бұған техника шығару керек, оған арналған қызметімізде дайын тұрған техника жоқ, сан очистканың қызметіне кірмейді. Бұған біріншіден, қаражат керек. Сметасын жасақтадық, обьемін шығардық, территориясын шығардық, қажетті техника расходын есептеген кезде 191 млн керек. Қаладағы ірі компаниялар шақырып жинап, ұсыныс бердік. 4 нүктені жойдық деп отырмыз, нүктесі көлемі үлкен. Графикпен тапсырма беріп бастадық», Жаңаөзен қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Аманбек Таңатов.
Жергілікті бюджеттен қаражат бөлінсе, қоқысты тазалау жұмыстары жалғасады, дейді әкімдіктегілер. Сонымен қатар жыл аяғына дейін Теңге ауылының шығыс бөлігінде құрылыс қалдықтарын төгетін полигон ашылмақ.