Жапырақ үстіне төселген жол: тұрғындар шағымынан соң құрылыс алаңына әкім шұғыл жетті

19 қазан 2020, 11:26

Мердігер компанияның осы кезге дейін жүзеге асырған өзге де нысандары тексеріліп, кемшіліктер қалпына келтірілетін болды
Павлодарлық тұрғындар жапырақ үстіне асфальт төсеп жатқан жол салушылардың әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Осы жағдайға байланысты шұғыл шешім қабылдаған Павлодар қаласының әкімі құрылыс жүріп жатқан жерге жедел жеткен. Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекованың хабарлауынша, мердігер компания жетекшілері де сол жерге шақыртылып, тиісті тапсырмалар берілген.

"Бонус Строй" ЖШС компаниясы технологиялық талапты сақтамай, Естай көшесіндегі үйдің ауласына асфальт төсегені белгілі болды. Құрылысшыларға оны бұзып, қайта төсеу тапсырылды. Ал қалалық әкімдік жанындағы тиісті мекеме осы жұмыстардың орындалуын мұқият бақылауда ұстауға міндеттелді", &ndash делінген хабарламада.
Сонымен қатар, осы кезге дейін "Бонус Строй" ЖШС компаниясы жүзеге асырған өзге де нысандар тексеріліп, кемшіліктер қалпына келтірілетін болды.

Мердігер компания қызметкерлері жапырақ үстіне төселген асфальтты бұзып, қайта төсеп шығуды қолға алды.