Желіде қазақстандық ата-аналарды алаңдатқан ақпараттың рас-өтірігі белгілі болды

18 қараша 2020, 11:16

WhatsApp-та хат алмасқан бірнеше әйел балаларының мектепке барып келген соң, қатты жөтеле бастағанын айтқан
Желіде мектептердегі дезинфекциядан кейін балаларды химиялық күйік шалғаны туралы жалған ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды stopfake.kz.

Желідегі хабарлама қазақстандық ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды. Видеода бірнеше әйел WhatsApp-та хат алмасқан экран көрсетілген. Олар мектепке барған соң, балаларда қатты жөтел пайда болғанын айтады. Ролик авторының пайымынша, бұған жоғарғы тыныс алу жолдарын химиялық күйік шалу себеп болыпты-мыс.

stopfake.kz порталы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

"Біріншіден, Қазақстанда мектептерді, ауруханаларды, адамдар көп жиналатын орындар мен басқа да қоғамдық орындарды дезинфекциялау үшін уытты және денсаулыққа қауіпті заттар пайдаланылмайды. Бұл туралы тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті де бірнеше рет мәлім еткен болатын. Елімізде қолданылатын барлық құрал сертификатталған, тізімге енгізілген және санитарлық өңдеуге арналған ерітінділерді дайындау пропорциялары көрсетілген нақты нұсқаулары бар", - деп түсіндірді мамандар.

Тағы оқыңыз: Желіде коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты жалған ақпарат тарап жатыр

Екіншіден, басылымның ақпаратынша, тыныс алу жолдарының күйіп қалу белгілері құрғақ жөтелге қарағанда әлдеқайда ауыр. Жоғарғы тыныс алу жолдарының химиялық күйігі, әдетте, обструкцияға әкелетін тез ісінумен қатар жүреді. Бұл ретте, зардап шеккендер кеңірдек интубациясына мұқтаж болады. Сондай-ақ, еріннің күлбіреуі, мұрын мен беттегі түктің күюі де тыныс алу жолдарын химиялық күйік шалғанының белгілері болуы мүмкін. Төменгі тыныс алу жолдарын күйік шалса, адамның тыныс алуы қиындап, жөтел және қан аралас қақырық пайда болады. Бұдан бөлек, иіс тию немесе басқа газдан уланудың алғашқы белгілері байқалуы мүмкін.

Сонымен қатар, видеода әйелдердің бірі "химиялық күйік шалған" ұлын "Зодак" препаратымен емдегенін айтқан.

"Шын мәнінде, бұл препарат химиялық немесе термиялық күйік шалған науқастардың ауруын жеңілдете алмайды. Ол антигистаминдер тобына жатады және аллергиялық ринит, конъюнктивит және идиопатиялық есекжем белгілерін тоқтату үшін қолданылады", - делінген портал хабарламасында.