Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың аздығы тұрғын үй нарығына кері әсер етіп жатыр

04 мамыр 2023, 20:10

Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың аздығы тұрғын үй нарығына кері әсер етіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 
 Сатып алу келісімдері кемігенімен, баға түсер емес. Бір жылда жаңа үйлердің құны шамамен 10%-ке қымбаттапты. Қазақстандағы ипотека мөлшерлемесі әлем елдерінің ішінде ең жоғарылардың қатарында. Ranking.kz сарапшыларының былтыр жариялаған дерегі осыған саяды.

 Елде 12 екінші деңгейлі банк баспана несиесін ұсынады. Алайда дені 20%-дық мөлшерлемені белгілеген. Бұл көпшілікке қолайсыз. Үй мәселесін шешу үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама қажет-ақ. Онсыз тұрғын үй нарығындағы ахуал күрделене бермек.

 «Меніңше, 2024-25 жылдары елордадағы сұраныс екі есе төмендейді. Ұсыныс пен сұраныс арасындағы алшақтық бағаның өсуіне әсер етеді. Бір жылдан кейін жаңа үйлердің шаршы метрі 25-30%-ке қымбаттауы мүмкін», - дейді тұрғын үй және инвестиция нарығы бойынша халықаралық сарапшы Лев Тетин.
Астанадағы инфрақұрылымға салмақ түскелі, құрылысқа шектеу қойылды. Бұл да нарыққа кері ықпал берген. Қазірдің өзінде елдегі сатып алу-сату келісімдері былтырғымен салыстырғанда екі есе аз рәсімделді. Мамандардың айтуынша, жылжымайтын мүлік тиімсіз инвестицияға айналуы мүмкін.

 «Өткен айдың соңында ғана қозғалыс байқалды. Жыл басынан бері сатып алу-сату келісімдері едәуір азайды. Мысалы, қазір айына 25-30 мыңдайын ғана жасаймыз. Былтыр оның саны 75 мыңға жететін. Бұл біз үшін үлкен соққы екені даусыз», - деді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.
Баспаналы болғысы келетін көпшілік «7-20-25» бағдарламасына иек артады. 4 жылдан бері оның игілігін 67 мың адам көрген. Ұсынылған қарыз көлемі 904 млрд теңгеден асты. Алайда жыл басынан бері қаражат транш арқылы берілетін болған. Биыл оның сомасы 100 млрд теңге ғана. Лимитке іліге алмағандардың үміт үзгісі жоқ. Айтпақшы, кезекте тұрғандарға «Бақытты отбасы» және әкімдік салып берген үйден пәтер алуға бағытталған «Шаңырақ» бағдарламалары бар. Екеуі 2026 жылға дейін жүзеге асуы тиіс. 

 «Министрлік жаңа ипотекалық бағдарламалар дайындап жатқан жоқ. Өйткені біз межесіне жеткізуіміз керек екеуі бар. Мемлекет бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен жандарды баспанамен қамтуға мүдделі», - деді ҚР ИИДМ басқарма басшысы Меруерт Молшина.
Иә, халықты баспанамен қамту – күн тәртібіндегі мәселе. Ал тұрғын үй саудасы қызатын кезең қашан келеді? Белгісіз. Осы орайда 12 облыста жұмысшы жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары іске қосылып жатыр. Бұл 35 жасқа дейінгі азаматтарға жеңілдетілген қарыз алып, пәтерлі болуға мүмкіндік береді. Алдағы 2 жылда оның игілігін қалған аймақтар да көруі тиіс.