Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жетім балалар туралы заң неге жоқ?

14 сәуір 2011, 13:42

Кеше Мәжілістің жалпы отырысы Минскідегі лаңкестік жарылыстан қаза болғандарды еске алудан басталды. Сосын күн тәртібіндегі заң жобаларын талқылауға кіріспес бұрын, мәжілісмендер күні кеше ғана жаңадан жасақталған атқарушы биліктің әр саласына бағыттап 20-дан астам үшбу хаттарын жолдады.
«Астапыралла» дегізген сауалды депутат Бағила Бай­ма­ғам­бетова қайта тағайындалған Премьердің орын­ба­сары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исе­ке­шевтің атына жолдады. Сауалға негіз болған жайтқа үңілсек, өт­кен жолы депутат «Хабар» арнасына «Сонымен солай де­ңіз...» бағдарламасына қатысып қайтыпты. Бағ­дар­ламада Қа­­зақ­станның тамақ өнеркәсібінде халал брен­дін дамыту, осын­дай өнімдерді шығару кезіндегі халық­ара­лық стан­дарт­тардың сақталуына мән беру жайы тал­қы­ға түскен. Соған орай, түсіру барысында өнімнің құрамында ис­ламда тыйым са­­лынған ингредиенттердің бар-жоғын тек­серу шаралары да қамтылған ғой. Сөйтіп, бағдар­ла­ма­ның қақ ортасына ба­зар­да, дүкендерде еркін сатылатын ха­лал және мұсылман шұ­жықтарының бірнеше түрі әке­лініп, 3-5 минуттың ішінде әл­гі өнімдерден мысық пен шош­қа етінің, зиянды қос­па­лар­мен жасалған сояның, құр­ғақ сүттің бар-жоғын айқын­дап бе­­­­ретін тестілеудің көме­гі­мен жедел-сараптама жасалы­нып­ты. «Сөйт­сек, «Меден­ни­ков» жеке кәсіпкерлігі шығарып жат­қан бар­лық «Мұ­сыл­ман» шұжықтарында шошқа еті бар бо­лып шық­ты. Бұ қа­лай? Неге онда «Мұсылман» шұжығы деп ата­­лады, сол өнім? Әлгі «Меденников» деген қазақтардың шош­қа етін ха­рам санайтынын білмей ме екен? Лас кәсіппен ай­­на­лы­сатын осындай бизнесменсымақтардың өз қалтасын ға­на ойлап неге болса да баратыны қынжылтады. Ендеше оларға тоқтам, нас кәсіпке қатаң тыйым салу керек», – дейді Бағила Бірмағамбетқызы. Сосын әлгі бағдарлама бары­сын­дағы талдауға сүйенген депутат вице-премьерден атына заты сәйкес келмейтін «Мұсылман» шұжығын шығарып, жұртты алдау жолымен сатып жатқан «Меденников» жеке кәсіпкер­лі­гін, оның филиалдарын тексеріп, қатаң шаралар қолдануды сұ­райды. Расында да, өнім өндіруші өз тауарында халал брен­дін пайдаланатын болса, ол брендті пайдалануға бай­ла­нысты жүктелетін міндеттемелерді сақтауға міндетті болуы шарт емес пе?
Ал әлгі «Меденников» секілділер ха­лықты алдап, қалайша алшаң ба­сып, кәсіпкер аталып жүргеніне таң­ға­ласың. Харам шұжық шыға­ратын кә­сіп­орын жылына шамамен 229 тон­на өнім жасайды әрі алты филиалы ар­қы­лы оны сатып жатыр. «Тұтынушылар «Мұ­сылман» шұжығы деп аталатын өнімге қы­зығып алғанымен, оның құрамында мұ­сылманға харамның да барын білуге құ­қылы. Сондықтан да өз жұмысына жа­уап­сыз қарайтын мұндай өндірушіні ли­цен­зиядан айыру қажет», – деді Б. Бай­мағамбетова.
Құс екеш құс та балапанын қорғайды
Жиын барысында депутат Розақұл Хал­мұрадовтың келтірген мәліметіне сүйен­сек, қазіргі Қазақстанда 46 мыңнан астам ба­ла түрлі себептермен ата-ананың қам­қор­лығынсыз қалған. Соңғы он жылдан бе­рі алты мыңнан астам бала шетелдіктің асы­рауына берілсе, оның 5308-і АҚШ аза­маттарының үлесіне тиіпті. Олардың көп­шілігінің бүгінгі тағдырына да алаң­дау­шылық білдіреді депутат Розақұл Саты­бал­дыұлы. «Өкінішке қарай, қатыгез, қа­ны­пезер ата-анасымақтар көбейді. Әйт­пе­се ең қымбаттысы, көзінің қарасы, өмі­рінің жалғасы, бауыр еті баласын пер­зент­ха­наға немесе қоқыс жәшігіне тірідей тас­тауға кімнің жүрегі дауалайды?! Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды. Сон­да кім болғанымыз?! Бүгінгі таңда тас­танды сәбилер, шетке сатылған бала са­ны­ның күннен-күнге артуы, қызда­ры­мыздың жеңіл жолға салынуы, «көкек әке­лер­дің» көбеюі толғандыратын өзекті мә­се­леге айналып отыр. Болашақ ұрпақты осынау қасіретті індеттен қалай сақтап қа­ламыз?», дей келе депутат Әлихан Бө­кей­ханның «Ұлым деп ойлайтын ел болмаса, елім деп еңірейтін ұл қайдан бо­лады?» деген ұлағатын еске салды. Сосын ежел­ден жетімін жылатпаған елдің бүгінгі жағ­дайына алаңдаушылық білдірді. Ма­хам­беттің: «Жетімдерге жем бердім, Же­сір­лерге жер бердім» деп қа­йы­рым­дылыққа, мейірімділікке шақырғанын да бүгінгі билікке үлгі етіп, осы бағытта ел болып ша­ралар атқару қажеттігін еске сал­ды. «Үкімет қамқорлыққа зәру балалар мен шетелдіктер асырап алған сәбилердің жағ­­дайын реттейтін, жетім балаларды тұрғын үймен, жұмыс орнымен қам­та­ма­сыз етуді қарастыратын жетім балалар туралы заң жобасын дайындаса екен», – деп аяқтады сөзін Р. Халмұрадов.
Еуропа ұлылығын мойындаған М. Шоқайды қазақ қашан өз дәрежесінде ұлықтайды?
Үкімет басшысының атына жолдаған тағы бір сауал иесі Шалатай Мырзахметов қазақтың қайсар ұлы Мұстафа Шоқай есі­мін өз елімізде ұлықтау мәселесін көтерді. Сөз басын депутат Мұстафа есімі шет мем­лекетте ардақталып, оның идеясына ілти­пат көрсетілетінін айтып, елімізде мұн­дай қо­шеметтің көрініс бермеуіне қын­жы­лыс біл­дірді. «Ресей 2008 жылы Санкт–Петер­бор қаласының мәдениеті, ғылымы және өне­рінің дамуына қосқан үлесі үшін «Пе­тер­бор тұлғасы» атты медалімен М.Шо­қай­ды марапаттағанын енді ғана естіп, бі­ліп отырмыз. Өткен жылы арысымыздың құр­метіне Париж қаласынан саябақ ашы­лып, мүсіні қойылғанда да елеусіз қал­дырдық. Франциядағы Мұстафа Шоқай атын­дағы француз-қазақ қоғамы болса ес­керткішін салып, кино түсіру ниеттерін білдірді. Бір сөзбен айтқанда, М.Шоқайға Еуропа елдері жүрген-тұрған жерлерінің бәріне ескерткіш-тақта орнатып, өз тіл­де­рінде кітаптарын шығарып, еске алу ша­ра­ларын, конференциялар өткізіп, барлық құр­меттерін көрсетуде аянбауда. Біле біл­ген­ге қазақтың ешбір тұлғасы Еуропада мұн­дай құрмет көрмеді. Еуропада тұңғыш рет қазақтың тұлғасына мүсін орна­ты­луы­ның өзі неге тұрады», – деген ол елдегі жай­­ға қайта назар аударды. Ал депутат айт­қан жайт­тың бір ғана мысалы мынадай: Ал­­маты қаласындағы бір мектепке Мұс­та­фа­ның атын беру туралы Мәдениет ми­нис­трлігі 2009 жылы шешім шығарыпты. Екі жыл болды әлі орындалмаған(!). «Неге бір мектептің атын М. Шоқайға арнауды осын­ша күттіреміз? Ел Тәуелсіздігі үшін соң­ғы демі мен қасықтай қаны қалғанша кү­­ресіп өткен азаматымыз осындай «құр­мет­ке» лайық па?» деген орынды сұ­рақ осын­дайда көлденеңдері анық. Де­пу­тат әл­гі сауалында Мұстафа Шоқайды қазақ­тың ғана емес, түркі-мұсылман халық­та­ры­ның мұң-мұқтажын жоқтап, күрескен жеке-дара қайраткер ретінде туысқан ұлт­тар арасында қандай құрметке болса да ла­йық екендігін айтады. «Қазақ тарихында ға­на емес, әлем тарихында ізін қалдырған осындай дара тұлғаны тудырған қазақ хал­­қы да бақытты. Тек осындай бақы­тын қа­­­дірлей алсақ болғаны. Сондықтан Тә­уел­­­сіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Тә­уел­­­сіздікпен мағыналас болып кеткен М.Шо­­қай тұлғасын ұлықтау мақсатында ат­­қа­­­рушы билік бірқатар шараларды орын­­­да­са игі», – деген тілегін білдірді. Он­дай ті­­­лектің арасында Алматыдағы бір мек­­теп­­­ке қайраткер атын беру, М.Шо­қай­дың әлем­­де шашылып жатқан мұраларын жи­­нап, мұражай ашу мәселелері көте­ріл­ді.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары Байланыс және ақпарат министрлігіне өтеді
Есте болса, Халыққа қызмет көрсету ор­талықтары 2005 жылы қалыптасып, со­дан 2009 жылға дейін Әділет ми­нистр­лі­гінің құзырында болып келген еді. Осы уақытта жұртшылыққа қызмет көр­сететін ор­талықтардың сапасын жақсарту үшін қа­жетті нормативтік база қалыптасты, мемлекеттік қызметтер көрсету стан­дарттары мен регламенттері де бекітілген бо­латын. Былтырғы жылы орталықтар жер­гілікті атқарушы органдардың, яғни әкім­діктердің қарамағына қарай көшкен еді. Алайда әкімдіктерге қотарылғаннан бе­рі бұқараға қызмет көрсету сапасы мүл­дем кері қарай құлдырай бастағаны ту­ра­лы дүркін-дүркін мәселе көтерілгені есте. Бұл туралы билік арасында біршама алып­қашпа әңгіме болып, кейіннен Мемлекет бас­шысының өзі орталықтың функция­ла­рын әкімдіктен алып, Байланыс және ақ­парат министрлігіне беруді қолдаған бо­латын. Сондықтан да Мәжіліс депутаттары ай­наласы бес жылдың ішінде әркімнің ау­да­рыспағына айналып, қолдан-қолға өтіп жатқан орталық жұмысын заңдас­ты­ру­ға бастамашылық жасапты. Әйтсе де мә­жі­ліс­мендердің бастамашылығынан бұрын Бай­ланыс және ақпарат министрлігі қыз­мет көрсету сапасын арттыруға қатысты өз да­йындықтарын танытты. Қайтадан таға­йындалған министр Асқар Жұмағалиев депутаттар бастамашылық жасаған заң жобасы бойынша қалаулылардың сауа­лына жан-жақты жауап қатты. Халыққа қыз­мет көрсететін сапаға қатысты халық­тың қалаулыларынан да сауалдар аз болған жоқ. «Мен осы өткенде ғана өзім­нің қайда тіркеуде тұрғанымды іздеп тап­ты­ра алмадым. Осыншама жыл халыққа қыз­мет істеп, туғаннан Қазақстанда тұрып келе жатқан мына мен – ақпараттық ба­зада жоқ екенмін! Басшылық арқылы шы­ғып, министрлік деңгейінде мәселені ше­шуге тура келді», – дейді халыққа көр­се­ті­ле­тін қызмет сапасын сынға алған депутат Тито Сыздықов. Расында, басқа емес де­пу­таттың өзі қайда тіркелгені белгісіз бол­са, қалған қараша қайда барып арыз­дан­бақ.