Жигули Дайрабаев ұлдарына қатысты қылмыстық істер туралы айтты

06 қазан 2022, 14:36

ҚР Орталық сайлау комиссиясында «Ауыл» партиясынан президенттікке үміткер Жигули Дайрабаев ұлдарына қандай қылмыстық істер қозғалып жатқаны туралы журналистердің сауалдарына жауап берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.

Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев президенттік сайлауға қатысу үшін құжаттарының қабылданғанын білу үшін ҚР ОСК-ға келді. Дәл осы жерде журналистер оның екі ұлының қазір қайда екенін сұраған.

 

– Менің ұлдарым кішкентай емес, олардың өз өмірі бар. Олардың түрмеге қамалды дегені шындыққа жанаспайды, – дейді Дайрабаев.

 

Оның айтуынша, бір ұлы егінмен айналысса, екіншісі құлпынай өсірумен айналысады.

 

– Біз құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысына араласа алмаймыз. Бәрін уақыт көрсетеді, – деді президенттікке кандидат.

 

«Ауыл» партиясынан президенттікке үміткер Жигули Дайрабаевтың ұлдары Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаев Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Ерлан Құлкеевпен бірге басқаларға сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды және алаяқтық жасады деп айыпталуда.