"Жиіркенішті іс": Дана Есеева балаларын ұратын аналарға үндеу тастады

10 желтоқсан 2021, 11:08

Дана Есеева балаларын ұратын аналарға үндеу тастады. Көпбалалы блогер мұны "жиіркенішті іске" теңеп, балалардың жанын жараламауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Біржола миымызға құйып алайықшы: Баланы ұру өте жиіркенішті іс!" - деп мәлімдеген Дана бұл әдеттен қалай арылуға болатынын да айтты. 

"Балаға дауыс немесе қол көтергіңіз келгенде оның кінәсіз екенін еске түсіріңіз. Сол сәтте сіз шын мәнінде, күйеуіңізге, енеңізге, құрбыңызға немесе көңіліңізді түсірген басқа адамға ашуланып тұруыңыз мүмкін. Бірақ балаға емес.
Қызбаланып бара жатсаңыз, жуынатын бөлмеге барып, агрессияны сыртқа шығарыңыз. Жастыққа айқайлап алсаңыз, тіпті ұрсаңыз болады! Тек баланы емес. 

Көбінесе аналар балаларына былғанған киім мен сынып қалған заттар үшін ұрсады. Бірақ оның бәрі баланың жанын жаралауға тұрмайды. Өзіңізді басқаруды үйреніңіз. Балаға сізден махаббат пен мейірім керек. Анасы айдаһарға айналып кетсе, бала қандай жарқын болашаққа сенсін?" - деп жазды ол желідегі парақшасында.

Жуырда Дана жұбайы Мейіржанмен бірге қажылыққа барып келді. Блогердің бұл әрекетінен қарап кей оқырмандар оны хиджаб киеді деп байлам жасаған. 

"Мен енді үнемі хиджаб киемін деп айттым ба, әлде жаздым ба? Медина әуежайында шариғат заңына сай, киім ауыстырғанымды бірден жаздым. Өйткені ол жақтың заңы солай. Басқаша жүре алмайсың. Неге мен үшін шешім қабылдайсыз? Адамның руханияты тек орамалмен өлшене ме?" - деп ашуланды блогер сұрақ қойған оқырманына.

Айта кетейік, бұған дейін Instagram оқырмандары ажырасқан Мөлдір Әуелбековаға орамалын шешуге кеңес берген еді.