Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

"Қабірдің бағасы – 130 мың теңге": Қазақстанда жерлеу қызметі қымбаттады

12 сәуір 2023, 21:40

Елімізде жерлеу қызметінің бағасы бір жылда үш есеге өскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Дәл қазір қазылып жатқан бұл қабірдің бағасы – 130 мың теңге. Сонда сіз биіктігі небәрі 90 см, ұзындығы 2 метр жерді осынша ақшаға сатып аласыз. Әрине, әркім өз қалтасына қарайды. Соған сәйкес құны да өзгереді.

Бұл зиратқа күніне кем дегенде 3-4 адам жерленеді. Оларға көрсетілетін қызметтің қымбаттағанын мұндағылар жасырмайды. Төленетін ақыға қабір қазу, оған қаланатын кірпіш пен бас ағаш кіреді.

“Алдыңғы жылы көтерілген бұл баға. Оған дейін 3 жылдай тұрақты 97 мың болып тұрған. Көтерілген себебін өздеріңіз де білесіздер. Қазіргі уақытта қымбатшылық. Жұмыскерлердің жалақысы бар, еңбек ақысы бар және мына мекеменің төленіп жатқан салық тағы басқа төлемдері бар”, – дейді арнайы қызмет көрсету бюросы директорының орынбасары Нұрболат Әбдірахманов.

Соңғы кезде қаза болған кісіні ақы беріп жуындыратындар да көбейген. Тек телефон арқылы сұхбат беруге келіскен Айгүлдің мұндай қызметпен айналысқанына 3 жылға жуықтапты. Ол әсіресе, пандемия кезінде шақыртулардың көп болғанын айтады.

“10 мың теңге береді. Жуындырып, киім пішіп, ақтыққа орап, кілемдеріне орап береміз. Көбінесе бізді мешітте молдалар шақырады, көмектесесіздер ме деп. Таныстарға барғанда көбіне ақысыз істеп береміз, "сауап қой" деп. Еркек адамға ер адамды ертіп барамыз”, – дейді қала тұрғыны Айгүл.

Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр елімізде 134 мың адам қайтыс болған. Жерлеуді ұйымдастыру бағасы, әсіресе Маңғыстау облысында жоғары.

Онда аталған қызмет құны шамамен 62 процентке өскен. Мұнан соң Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу облыстары тұр.

Ал, тұрғындар жерлеу рәсімінің қымбаттығына наразы.

”Дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені адам қайтыс болғаннан кейін отбасы жағдайы қиын жағдайға душар болады ғой”, “Туысқанымызды жерлегеннің өзіңде жерінің өзің сатып алып жатырмыз. Мысалы 100 мың төлейсің жанағы өздері қабірін бәрің дайындап береді”, “Негізі былай дұрыс секілді оның бәрі. Ол өлген адамға жерді былайда беру керек ғой құр” – десті тұрғындар.

Өмір бар жерде өлім бар. Бірақ, оны бизнеске айналдырған дұрыс емес дейді көпшілік. Баға өссе де ол қызметке жүгінуге мәжбүр. Биыл осы мақсатқа төленген қаржы мөлшері 13,9 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдан 2 есе көп.