Қақпанға бұлғын аулап, етін итіне берген шығысқазақстандық ұсталды

09 наурыз 2022, 14:39

Күдікті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қақпанға бұлғын аулап, етін итіне берген шығысқазақстандық ұсталды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

 
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың ақпан айының басында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Алтай ауданы ПБ табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы рейд кезінде заңсыз аң аулады деген күдікпен 59 жастағы аудан тұрғынын ұстады.

Ұсталған адам 2021 жылдың желтоқсан айының басында өзінің омарта шаруашылығына барғанда, онда бұлғындар мекендеп алғанын көрген.

Үйінен 4 қақпан алып шығып, шаруашылықтағы үйшікке кірген іздің бойымен қақпан қойып, «қонақтарды» аңдыған. Сол кеште қақпанға бұлғынның бірі түсіп, келесі күні қалған үшеуі түскен. Тұзаққа түскен аңдардың терісін сыпырып, етін иттеріне берген.
Жауап алу барысында ер адам кінәсін толық мойындаған. Аталған аңды аулауға тыйым салынғанын біле тұра, лицензиясының жоқтығына қарамастан, заң бұзған. Жануарлар дүниесіне келтірілген шығын 450 мың теңгеден асты.

Қаскөйге қатысты келу міндеттемесі түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігі «Заңсыз аң аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, осы баптың санкциясы бойынша 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.