"Қаланы барынша қолайлы еткіміз келді": Қазақстандық мектеп оқушылары азаматтарды қорғауға арналған ерекше бағдарлама ойлап тапты

19 қаңтар 2022, 14:27

Алматыдағы О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары Қалихан Динара мен Нарша Асыл адамдарды қорғауға арналған ерекше бағдарлама ойлап тапқан. "Столик 99" деп аталатын бағдарламаны кез келген адам қолдана алады және бірнеше мейрамханалар, бар мен дәмханаларды біріктіреді. Бағдарламаға тіркелген мекемеден қиын жағдайға тап болған азамат құпия сөзді айту арқылы көмек сұрай алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сурет: Dalanews.kz сайтынан

Жоба авторы Қалихан Динара алғаш "Smart Baby Seat" атты жобаны жасап шыққан. Ал оның жоба бойынша серіктесі Нарша Асыл бастапқыда Instagram желісінде феминизм жайлы жазбалар жариялаумен шұғылданған. 

Динара мен Асыл жобаны жасау жайлы ойдың аяқ асты келгенін айтады. 

"Жас қыздың зорлануы жайлы әңгімелесіп отырғанбыз. Сол сәтте ойымызға осы жоба келді. Бірден бағдарламаның қаңқасын жасап, жоспар құрдық. Әйелдерді қорғау мәселесі бізді шынымен алаңдата бастады", - деп мәлімдеді мектеп оқушылары

Мектеп оқушылары жасаған "Столик 99" атты бағдарлама қыздарды және қиын жағдайға тап болған өзге де адамдарды қорғауға бағытталған. 

"Біз тегін және жылдам көмек алу үшін мейрамханалар, барлар мен дәмханаларды біріктіреміз. Негізгі мақсатымыз – қаланы барынша жайлы ету", - дейді жоба авторлары

Мектеп оқушыларының сөзінше, әйелдердің 97% физикалық, сексуалды және психологиялық қысым көреді. Бұл көреткіш күн сайын өсіп келеді. Сондықтан олар мұндай жағдайлардың алдын алудың жолын іздеген. 

"Жобамыздың маңыздылығын анықтау үшін 100 қыздың арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 72% өздеріне қатысты кэтколлингтің болғанын растады", - дейді олар. 

Динара мен Асыл сауалнама қатысушыларының 92% өздерін қоғамдық орында жайсыз сезінетінін де қосып өтті. Ал 72% түнде жалғыз серуендеуге қорқатынын айтқан. 

Жоба қалай жұмыс істейді?

Егер кездесу сіздің ойыңыздағыдай өтпесе немесе сізді аңдыса, өміріңізге қауіп төнсе, "Столик 99" бағдарламасын қолдана аласыз. Бұл үшін:

Картаны ашып, жақын маңдағы логотиппен белгіленген орынға бару қажет;
Мекемеге кіріп, кез келген қызметкерге "Столик 99" деп құпия сөзді айтыңыз;
Қызметкер полиция хабарласуға көмектеседі. Сонымен қатар қосымша есікті көрсетіп, сізді қауіпсіз орынға алып барады.
"Біздің жобамыз әйелдер мен қыздарға пайдалы. Қазақстанда 10 миллионға жуық нәзік жандылар бар, яғни олардың барлығы біздің тұрақты қолданушыларымыз бола алады", - деп қосты Динара мен Асыл. 

Жоба "World Invention Competition and Exhibition" және "International Science and Invention Fair" атты байқауларында екінші орынды иеленген. 

Бағдарлама авторлары құпия сөзді жасау барысында оның құпия сөзге ұқсамауына баса мән берген. Себебі қауіпті жағдайда адам қарапайым тілмен әрі жылдам көмек сұрауы керек дейді олар. 

"Столик 99" тек феминистік жоба емес. Ол келеңсіз, қиын жағдайға тап болған барлық адамдарға арналып жасалған", - деп түйіндеді Динара мен Асыл.