Қалаулымдық Диана: 12 жасымда әкем қатерлі дерттен көз жұмды, мен сол сәтте есейіп кеттім

08 маусым 2022, 23:23

“Қалаулым” бағдарламасы арқылы көпшілікке көз таныс бойжеткен Диана Болатова өткені мен отбасындағы қиындықтары туралы айтты. Бойжеткен көзіне жас ала, марқұм әкесін еске алды. 

Диана әкесінен 12 жасында айырылған. Анасы 4 баланы жалғыз тәрбелеп өсірді. Диана әкеден айырылған соң балалықпен ерте қоштасып, тез есейгенін мойындайды.

“Менің отбасымның асыраушысы әкем еді. Анам бала тәрбиесіне қарап, үйде отырды. Алайда күндердің күнінде ауыр жаңалық келді. Әкемнің бауыры қатерлі дертке шалдыққанын білдік. Ем алды. Емнің әсері болмайтынын түсінгенде әкем барлық бала-шағасын жинады. Бәріне өсиетін айтты. Бәрімен қоштасты. Ажал айтып келмейді екен. Қыркүйек айында мәңгі сапарына аттанды”, – дейді ол. 

Диана бұл кезде 12 жаста еді. Еркелікпен ерте қоштасып, үлкен өмірге үлкендерше қарауға мәжбүр болған. 

“Мен тез есейіп кеттім. Әкемнің орны білінді. Анам төрт баламен қалды. Оларды асырау керек болды. Сондай жағдайларды бастан өткердік. Маған бұл туралы айту оңай емес. Жыламай айту мүмкін емес екен”, – деді қалаулымдық ару.