Қандас мәртебесін 3 күннің ішінде алуға болады

07 наурыз 2022, 12:33

Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтар қандас мәртебесін алу үшін тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына өтінішін бере алады.

  «Отандастар» қоры елімізге қоныс аударған қандастарға көші-қон үрдісіндегі талаптарды түсіндіру мақсатында дайындалған бейнеролик жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтар қандас мәртебесін алу үшін тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына өтінішін бере алады. Қандас мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі және Қазақстан азаматтығын алған жағдайда тоқтатылады», - делінген қордың Instagram парақшасында жарияланған бейнероликте. 

 

Қордың түсіндіруінше, қандас мәртебесін алу үшін ХҚО-ға еркін нысанда жазылған өмірбаян, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесін, нотариалды куәландырған аудармасымен, жеке басын куәландыратын құжаттарда ұлты жазылмаған жағдайда өтініш берушінің ұлтын растайтын басқа да құжаттар тапсырылады. 

 

Құжаттарды қарау және қандас мәртебесін беру өтініш тіркелген күннен бастап 4 жұмыс күні ішінде, егер өтініш берушінің жеке сәйкестендіру нөмірі болған жағдайда 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.