«Қаңтар оқиғасы» кезінде зардап шеккен бизнес субъектілерге 14,6 млрд теңге өтемақы төленді

14 желтоқсан 2022, 22:12

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде залал келіп, шығынға батқан бизнес субъектілерге мемлекеттік өтемақы төленді. Бұл туралы ІІМ тергеу департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
 «Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде мемлекеттік және жеке нысандардың қиратылғаны белгілі. Салдарынан мемлекеттік органдарға, кәсіпкерлерге және жеке тұлғаларға миллиардтаған шығын келді. Мысалы, Алматы қаласында 7 аңшылық дүкені, Таразда 3 қару дүкені тоналды. Сол сияқты, шаруашылық субъектілеріне 37,5 млрд теңге залал келтірілген. Оның дені Алматыға тиесілі. Тәртіпсіздік салдарынан кәсіпкерлердің 34,3 млрд теңгеге мүлкі бүлінген және ұрланған. Бүгінде қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бизнес субъектілеріне мемлекеттен 14,6 млрд теңге өтемақы төленді», - деді Нұрлан Дүйсенбаев ОКҚ-де өткен брифингте.
ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендерге мемлекеттік бюджет есебінен өтемақы төлеуге кепілдік беріледі.

«Қаңтар оқиғасы кезінде құрбан болғандардың және осал топқа жататын отбасыларға тергеу нәтижелеріне қарамастан төлем өтеу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоры қаза тапқандардың отбасыларына (91 отбасы) 637 млн теңгеге материалдық көмек көрсетті. Тәртіпсіздіктер кезінде күштік құрылымның қаза тапқан барлық қызметкерінің отбасыларына материалдық жәрдем берілді», - дейді ол.
Одан бөлек, спикер қаңтарда қираған Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облысы полиция департаменттері ғимаратын қалпына келтіруге Үкіметтен 2,7 млрд теңге қаражат бөлінгенін айта кетті.