«Қаңтар оқиғасы»: Тергеу изоляторындағы күдіктілер туыстарымен кездесті

22 ақпан 2022, 15:19

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы қаласындағы Тергеу изоляторына 500-ге жуық күдікті жеткізілген.

Алматы қаласындағы «Қаңтар оқиғасында» күдікті ретінде қамауға алынғандар жақындарымен жүздесті, деп хабарлайды baq.kz.
Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы қаласындағы Тергеу изоляторына 500-ге жуық күдікті жеткізілген. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 4 бала бар, оның екеуі шығарылды. Қамалғандардың жартысы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктерге қатысқан 250 адам қамауда отыр. Тергеу қамауындағылардың көбісі тұрмыстық техника ұрлағандар мен мородерлікпен айналысқандар.

Тұтқындардың жақындарымен кездесуі Алматы қалалық прокуратурасымен бірлесе отырып жүзеге асырылды. Жалған ақпараттарға жол бермеу үшін Адам құқығын қорғау жөніндегі уәкіл, прокуратура, мәжіліс депутаттары үнемі тексеріс жүргізіп отырады. Қамаудағылардың кейбіреуі туыстарымен немесе қорғаушыларымен екінші рет кездессе, кейбіреулері алғаш рет жүздесіп отыр. Күдіктілерге аптасына екі рет кездесуге рұқсат етілген- деді ЛА-155/18 мекемесінің бастығы Әсет Жұмадиев.

Кездесуге келгендер қамаудағы туыстарының тамақтану және ұстау жағдайын сұрап, қанағаттанарлық жауап алды.