Қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы фильм жарыққа шықты

08 наурыз 2022, 18:09

Jambylinfo ақпарат агенттігі қаңтар оқиғасына куә болған сақшы қыздар жайлы қысқаметражды деректі фильмді жарыққа шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

<iframe width="500" height="315" src="https://www.youtube.com/embed/I_2D4FrVTDM" title="YouTube video player" frameborder="0" allow="accelerometer; autoplay; clipboard-write; encrypted-media; gyroscope; picture-in-picture" allowfullscreen></iframe>

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында түсірілген деректі фильмнің кейіпкері – Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

 

Ол қаңтар оқиғасы кезінде куә болған жайттарды, басынан кешкен сезімдерді әңгімелейді.

 

– Бәріміз де адам баласымыз, ет пен сүйектен жаралдық, дүрбелең ушыққанда қорыққанымыз рас. Кешкі тоғыз жарым шамасында қалалық басқармадан шығып, орталық алаңға бет алдық. Адамдардың бәрі сонда жиналып жатқан еді. Үй-жай қалды, ойымызда – тек жұмыс. Қасымда Жанерке есімді тағы бір полиция қызметкері бар. Қолымызда қару жоқ. Достық алаңына жетем дегенше, небір күйді бастан кештік, – дейді Гүлсара Мұқтарқұлова.

 

Фильм барысында ол ішіндегі өкінішін де жеткізеді.

 

– Түнгі екі жарым шамасында ғимараттарды өртей бастады. Төрт ғимаратымыз өртенді. Қыздарым “Мама, қойшы, жыламашы” деп мені жұбатып әлек. Бірақ қалай жыламайсың?! Жұмыс орнымыз, музейіміз, ондағы тырнақтап жинаған экспонаттарымыздың бәрі тып-типыл болды, – дейді сақшы келіншек.

 

Гүлсара осындай қырғынның енді ешқашан қайталанбағанын тілейді.

 

– Мені қуантатын екі жайт бар. Біріншісі, мен осы оқиғадан кейін полицейлердің қатары сиреп қала ма деп қорықтым. Жоқ, ондайды байқамадым. Екінші қуантқаны, күн сайын бізге әлеуметтік желілер арқылы отыз-қырық шақты адам жазып, жұбату сөздерін айтып, рухани қолдау білдіруде. Бүлінгеннің бәрі орнына келер. Болашақта бұдан да жақсы күндерге жетерміз. Тек мынадай сұмдық енді ешқашан қайталанбаса екен деймін, – деді ол.