Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қылмыскерлер 8 пойыздың қозғалысын тоқтатқан

21 ақпан 2022, 16:16

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қылмыскерлер сегіз пойыздың қозғалысын тоқтатқан. Олардың үшеуі – жолаушылар, ал бесеуі – жүк пойызы. Бұл туралы Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, қылмыскерлер еліміздің әр аймағында мемлекеттік органдардың ғимараттарына қасақана шабуыл жасап, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған. 

"Осылайша олар қосымша құқық қорғаушы күштердің келуін алдын алуға тырысты", –  деді Қилымжанов брифинг кезінде. 

Прокуратура өкілі Атырау облысында болған оқиғаны мысалға келтірді. 
"Жоспарларын жүзеге асыруға сырттан келетін күштер кедергі келтіреді деп қорқып, қылмыскерлер автомобиль трассаларын бұғаттап, теміржолдарды жауып тастады. Үш жолаушы және бес жүк пойызының қозғалысын тоқтатты", – дейді Қилымжанов. 

Кейін олар топ-топпен Ұлттық гвардия сарбаздары мен полицейлерге шабуылдап, өрт пен бүлік ұйымдастырған. 

"Шұғыл қызметтің 18 жастағы қарусыз сарбазын орталық көпірден лақтырып жіберді, ол бір ғажайыптың күшімен аман қалды", – дейді Қилымжанов. 

Айта кетейік, мамандандырылған прокурорлардың жетекшілігімен ведомствоаралық тергеу тобы 91 істі қарауда. Оның ішінде 46 іс – терроризм актісі, ал 45 іс жаппай тәртіпсіздік бойынша қаралуда. Осы істергі тергеу аясында сот шешімімен 469 адам қамауда отыр.