Қарағанды облысын қар басып қалды

26 сәуір 2022, 00:26

Күні кеше 25 градустан аса ыстық боп тұрған Қарағанды облысын қар басып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тобықтан асатын қар Шет және Ақтоғай ауданын басып қалған. Таңертеңнен-ақ әлеуметтік желі қысқы көрініске толып кетті. Қолданушылардың көбі өз көзіне сенер емес. Қар басқан ауыл тұрғындары тығып тастаған жылы киімін қайтадан шығарды.

Ауа райын болжаушылар күн салқындайтынын хабарлағанбыз дейді. Бірақ қар жауатынын олар да күтпепті. Осы күндерге жоспарланған жаңбыр солтүстіктен келген суық ауаның салдарынан қарға айналып отыр. Дегенмен мөлшері аз екен.

“1 ден 6 милимиетрге дейінгі қар түсті. Бұл аса көп қар емес. Бұл құрғақ ақұлпа болғандықтан көп көрінеді. Қарағанды облысының орталық өңірінен суық фронт өтуі байқалды. Бұл қалыпты жағдай. Егер шілдеде қар жауса, анамалия деуге болады”, – дейді "Казгидромет" АҚ Қарағанды филиалы бөлімінің меңгерушісі Анастасия Грязнова.