2012 жылы Қарағанды облысындағы 9 балалар үйінде барлығы 1350 бүлдіршін болса, қазір 675 бала қалған. Тек биылғы жылдың өзінде 77 бала отбасын тауыпты. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Білім басқармасы мамандарының айтуынша, қазір қамкөңіл сәбилерді бауырына басқысы келетін жанұяларға мемлекет тарапынан барынша қаржылай көмек, қолдау жасалады. Айталық, жетім баланы қамқорлығына алған адамға ай сайын 40 мың теңге жалақы және әр бала үшін ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленеді. Бұған қоса 75 айлық көрсеткіш мөлшерінде бір реттік жәрдемақы беріледі.
Облыста қолға алынған тағы бір жоба – балаларды отбасына бейімдеу. Кез келген адам көңілі қалаған бүлдіршінді шаңырағына қонаққа шақырып, жанұясының басқа да мүшелерімен таныстырады. Кейін тіл табысып жатса, асырап алуына болады. Жыл басынан бері 101 бала отбасында қонақта болған.
«Бұл қонақжай отбасының ерекшелігі, отбасы жағдайында асырап алушылармен баланың арасындағы қарым-қатынастың орнығуына, әрі қарай, егер асырап алған жағдайда бұл баланы қайтадан мемлекеттік мекемеге қайтарылуына мүмкіндік бермейді», - дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Бақытгүл Игенова.