Қарағандыда бірнеше аудан ауыз сусыз қалды

23 мамыр 2023, 20:07

Қарағандының Сұрыптау, Компанейск шағын аудандары мен Жұмысшылар ауылы түннен бері ауыз сусыз отыр.

Қаланың №6 су магистралында апат болды.

22 мамыр түнгі 23 сағат 48 минутта №6 су магистралында диаметрі 500 мм құбырда апат орын алған. Тұрғындарға су беру түнгі 01 сағат 30 минутта тоқтатылды. Апатты-қалпына келтіру жұмыстарына "Қарағанды Су" ЖШС бригадалары таңертең кірісті.

“Таңғы сағат 8-де апат болған су құбырына жету үшін жерді қазу жұмыстары басталды. Ең алдымен аурухана, мектеп сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарға ауыз су жеткізу жұмыстары жасалды. Сағат 11.00-дегі жағдай бойынша, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Апатқа диаметрі 500 мм полиэтилен құбырының бойында зақымдану себеп болған. Қазіргі уақытта бригада су құбырының зақымданған бөлігін алып тастап, орнына басқасын салу жұмыстарын жасап жатыр”, - деп хабарлады "Қарағанды Су" ЖШС-нің ресми өкілі Марина Богдан.

Қазіргі уақытта "Қарағанды Су" компаниясы мен Ә.Бөкейханов атындағы аудан әкімдігінің аппараты тұрғындарға су тасушы көлікпен су жеткізуде.