Қарағандыда газ баллоны жарылып, екі адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға бүгін, 21 қаңтар күні сағат 18:51-де Қарағанды қаласындағы Щорс көшесі, 37-үйде болды.
«Екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылды (көлемі 5 л). Өрт болған жоқ. Жарылыс салдарынан №6 (2-ші қабатта) және ішінара №4, 5 (2-қабатта) және 3 (1-қабатта) пәтерлерде ағаш қабырғалар қирап, алдын ала болжам бойынша үйдің 36 шаршы метр алаңы бүлінді», - делінген хабарламада.
Жарылыс салдарынан 53 жастағы ер адам мен 54 жастағы әйел зардап шекті. Олар күйік жарақаттармен Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығына жатқызылды.
Оқиға орнында облыстық ТЖД-нің 36 қызметкері және 8 техникасы жұмыс істеді.
Қала әкімдігі баспаналары бүлінген тұрғындарға жатақханадан орындар ұсынды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.