Қарағандыда мектеп басшылығы оқушыны "ұрған" мұғалімді ақтады

10 қазан 2021, 11:25

Қарағанды орта мектептерінің бірінде 13 жасар оқушынының анасы "баламды ұрды" деп айып таққан мұғалім ақталды. Оқу орнында орнатылған бейнекамерадағы жазба дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жасөспірімге қол көтермегенін көрсетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарағанды орта мектептерінің бірінде дене шынықтыру сабағы кезінде мұғалім оқушысына қол көтеріп, оны еденде сүйрегені туралы ақпарат пайда болды. Осы жағдайға байланысты Қарағанды қаласының білім бөлімі дене шынықтыру мұғаліміне қатысты қызметтік тексеру жүргізді. Оның қорытындасы бойынша, мұғалімнің кінәсі жоқ екені анықталды.

"Баланың анасы, полиция және мектеп басшылығы мектептің спортзалында орнатылған бейнекамераның жазбаларын бірге қарап шықты. Видеода зорлық-зомбылық фактілері жоқ. Бейнебақылау камерасындағы жазба дене шынықтыру мұғалімінің балаға қол көтеру фактісі болмағанын көрсетті. Баланың анасы жағдайды түсінбегенін айтып, тексерілмеген ақпаратты жария етуге асыққаны үшін кешірім сұрады. №34 мектеп ғимаратында педагогтардың, учаскелік полиция инспекторларының және 7-сынып оқушысының анасының қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кеңес өткізілді. Тексеру аяқталды", - деп мәлімдеді Қарағанды қаласының білім бөлімі.

 
Дене шынықтыру мұғалімі жалған айып тағылғаны үшін баланың анасынан әлеуметтік желіде кешірім сұрауын немесе моральдік шығын талап ете ме, жоқ па - әзірге белгісіз.