Қаржы пирамидасын жарнамалағандар үшін қандай жаза қолданылады

25 мамыр 2022, 14:59

Мәжіліс депутаттары қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған өзгерістерді талқылауға кірісті. Осыған орай, арнайы заң жобасы әзірленді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Sputnik Қазақстан"-ға сілтеме жасап.

Мәжілістің бүгінгі отырысында қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Марат Құсайынов 16 қарашаға заң жобасы бойынша қорытынды әзірленетінін жеткізді. Құжаттың негізгі мақсаты - қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл шараларын күшейту және халықты қорғау.

 

Sputnik Қазақстан  тілшісі комитет басшысынан заң жобасында қарастырылған жаза туралы сұрады.

 

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу арқылы қаржы пирамидаларына жарнама жасағаны үшін жазаны күшейту жоспарланып отыр.

 

"Біз заң жобасын енді ғана жұмысқа алдық. Қаржы пирамидаларына жарнама жасағаны үшін жазаны күшейту мәселесін қарастыратын боламыз. Осыған орай, Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіледі. Жауапкершіліктің бірнеше түрі бар. Қылмыстың ауырлығына қарай 2-5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізу ұсынылып отыр", - деді Құсайынов.

 

Қазіргі жобада басқа адамдарды тарту мақсатанда қаржы пирамидаларына жарнама жасағаны үшін 3 000 айлық есептік көрсеткішке (9 189 000 теңге) дейінгі айыппұл немесе қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Ондай әрекет үшін түрмеге де жауып тастауы мүмкін.

 

Ал бірнеше рет және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жасалған тура сондай әрекет үшін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Мерзімі – 2-5 жыл.