Каспий теңізі мен Қаракөл көліне сарқынды су ағызған компания жауапқа тартылады – Экология министрлігі

05 наурыз 2022, 14:06

Осыған қатысты 6 әкімшілік іс қозғалды

Маңғыстау облысы бойынша Экология департаменті Ақтау қаласындағы «Aktau tourism city ltd» компаниясының филиалына қатысты Каспий теңізі мен Қаракөл көліне сарқынды суларды ағызу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Экология министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

 
Тексеру барысында сарқынды суларды ағызу фактісі расталып, ҚР Экологиялық кодексінің 222-бабы 8-тармағының талаптары бұзылғаны анықталды.

Бүгінгі таңда компания дихлорланған бассейндік су жіберу құбырын бөлшектеді, екінші құбырды бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар Экология департаментімен берілген нұсқамалар шеңберінде атқарылды.

«Компания бассейндік су мен тұщыландыру қондырғысында теңіз суын тазартқаннан кейінгі суды жіберуді жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, су сынамаларын талдау нәтижелері көрсеткендей, өлшенген заттар, нитраттар мен хлоридтер бойынша нормативтерден ауытқушылық белгіленді. Бұл факт Экокодекстің 39-бабы 9-тармағының талаптарына қайшы.

 2021 жылғы 15 қыркүйектен бастап КТҚ бойынша техникалық проблемаларға байланысты компания сарқынды суды биологиялық тұрғыдан тазартуды жүргізгенбеген. Осылайша, Кодекстің 393-бабы 1-тармағының талаптары мен жобалық шешімдер сақталмаған.

Тексеру нәтижелері бойынша «Aktau tourism city ltd» компаниясына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің   324, 325, 326, 328, 331, 332 баптары бойынша 6 әкімшілік іс қозғалды», - делінген министрлік хабарламасында.
Экология департаменті «Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-не компанияға бұған дейін берілген қоршаған ортаға эмиссия беру рұқсатын кері қайтарып алу мәселесі бойынша хат жолдады.