Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанға келетін импорт пен үшінші елдерге транзит ешбір жағдайда зардап шекпейді

25 қаңтар 2022, 16:36

Соңғы жылдары Орталық Азия елдері және Қытай мемлекеті арасындағы аймақішілік ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Бұл ретте мемлекеттердің қарқынды және сенімді диалогы, оның ішінде тұрақты консультативтік форматындағы кездесулер шешуші рөл атқарады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған «Орталық Азия-ҚХР» саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Президенті өз сөзінде кедендік шекарадағы жұмыстардың бақылауға алынып, ондағы тосқауылдармен күрес жүріп жатқанын атап өтті.

«Біз кедендік шекарадағы тәртіп орнату бойынша табанды жұмысты бастадық, соның ішінде заңсыз әрекеттерді жүзеге асырып, бизнеске тосқауыл қойған жосықсыз кәсіпкерлермен күрес жүргізудеміз. Мұндай заңсыз әрекеттерге қарсы күрес жуырда өз нәтижесін береді деген сенімдемін. Қазақстанға импорт пен үшінші елдерге транзит ешбір жағдайда зардап шекпейтінін мәлімдегім келеді. Мен Үкіметке және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырма бердім. Шекара маңындағы аймақтарда көтерме-тарату және агрологистикалық орталықтарды қамтитын инфрақұрылым құруды жалғастырамыз. Осы шаралардың барлығы өңірішілік сауданың өсуіне оң әсерін тигізуде», - деді Мемлекет басшысі.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы соңғы жылдары 40 пайызға артқандығын айтып өтті.