Ел жаңалықтары

Қазақ астрологы алдағы қысқа болжам жасады

  • https://russkiiyazyk.ru/

    https://russkiiyazyk.ru/

Астролог Болат Бопай алдағы қыстың қалай болатыны жайлы болжам жасады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Бүгінде Whatsapp желісінде белгілі еуропалық метеоролог Джеймс Мадденнің "биыл 100 жылда болмаған ең қатал әрі ұзақ қыс болады" деген болжамы таралып жатыр. Алайда "биылдың" қай жыл екені анық көрсетілмеген. Жаз бойы аңызақ аптаптан көз ашпаған, қуаңшылықтың зардабын тартып отырған халықтың осыған иланып та отырған жайы бар.

 

Ал интернетті індетсең, Джеймстің болжамы 2017 жылы жасалғанын анықтау қиын емес. Жаманшылықтың беті аулақ, десекте тарихта халыққа қиын тиген жылдар болған. Әсіресе, осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрын болған Торғайдағы ұлы жұттың дерегі сайрап жатыр. Бұл тақырыпты жас ғалым Батырлан Сағынтаев зерттеп, жазып жүр.

 

Жұт туралы жанайқайын алғашқы боп жеткізгендердің бірі Файзолла ишан Сатыбалдыұлы. Ол 1922 жылғы "Ақжол" газетінде (22 март, №154 саны) "Өткен жылы Торғай үйезінде октябрьдің бірінен қыс басталды. Қыс басталған соң мал ерте бастан-ақ қолға қарады. Екі есеппен апрельдің 20-на шейін тағы қар кетпей қыс болды. Сол себепті Торғай халқы орасан жұтқа ұшырап, мал тұқымынан теп-тегіс айырылды. Берілген мағлұматқа қарағанда Торғай үйезіндегі аяқты малдың жүзден 90-ы кетіп, 10ы--ақ қалған" деген дерек қалдырыпты.

 

Бұл бір ғана емес, Ф.Сатыбалдыұлы бірнеше мақала жазған. Оның бәрін бір материалға сыйғызу қиын. Халықты ақ сирақ қылып жұтатып өткен ауыр жылдар жайлы ашына жазғандардың бірі — Әбіқай Нұртазаұлы. Ақын қалдырған көлемді дастаннан бұл жылдардың шаруашылыққа өте қиын тигенін көреміз.

 

"Қыс түсті октябрьдің он бесінде,

Ендігі ол сұмдықты көрмесін де.

Аш малға ашық күн жоқ бәрі боран,

Көрмеген кейінгіге бермесін де.

Алты айлық ақ сирақ жұт тегіс болды,

Құдайым хан, қараңды тергесін бе...

 

Тым зарлы, ұзақ толғаудың әр жолы дерек десе де болады. Ақын ел басына түскен нәубетті өзегі өртене отырып жырға қосады.

 

Ал бертіндегі белгілі тұлға, діндар, ғұлама Әлмұхаммед Оспанұлының (1886 — 1966) туындылары жоғарыда келтірілген мәліметтерді одан әрі жалғап, халық басындағы аштық қасіретін тіпті айқындай түседі.

 

"Жылқы ауды Атанбасы, Қаракөлге,

Күншығыс елден аулақ бір бүйірге.

Қырылып жал-құйрығы сонда қалды,

Тосыннан бес мың жылқы бір төбеде

 

Қайтпады жылқы малдың беті бермен,

Түңіліп туып өскен мәкан жерден.

Жер қарап жылқышы ата кетсе керек,

Қаймығып қызыл шұнақ соққан желден", — деп баяндайды бұл кезеңді ақын.

 

Жыл он екі ай тебіндеп шығатын, төзімді жылқы жануар бұлай жаппай қырылғанда, өзге түліктің хәлі қалай болды дерсіз. Оны да шайырдың дерегінен табамыз.

 

..."Қалмады қара малда түгел аман,

Боларын кім ойлаған мұндай заман.

Алдымен Зеңгі баба сиыр ықты,

Шағында жақындаған ақыр заман.

 

Қой — қотыр, сиыр — аусыл, ешкі — сарып,

Күйзеліп шаруалық тартты шабан.

Дамылсыз қысы-жазы патоппенен,

Қалмады түйе мал да бүтін табан" — деген екі шумақтың өзінен халықтың негізгі күнкөрісі төрт түліктің шыбынша қырылғанын көреміз.

 

Мешіннен кейін кірген тауық та одан бетер жұтатып, оның алдында ғана соғыстың ауыртпалығын өткерген Торғай халқы аштық зардабын тартқан. Бейімбет Майлиннің әйгілі "Күлпаш", "Айт күндері" әңгімесі сол жылдары жазылғанын еске сала кетейік.

 

Әрине, қазір заман басқа. 100 жыл бұрынғыдай мал қысы-жазы өрісте жайылмайды. Техника қуатты. Мал азығы ерте қамдалады. Әйтсе де, "сақтықта қорлық жоқ", биылғы қуаңшылықтың "кәрі құдасын" қалай қарсы алған жөн? Express Qazaqstan тілшісі осы ретте белгілі қазақ этнографы әрі астрологы Болат Бопайдың пікірін білген еді.

 

Тілші: Болат аға, биыл жыл "біртүрлі" басталды. Батыста көктемде шөп шықпады. Орталық пен Солтүстікте жағалай дала өрті, қуаңшылық. Егін түсімі де көңіл көншітпейді. Енді алдағы қысқа қандай болжам жасауға болады?

 

Болат Бопай

 

Болат Бопай: Қазақ ырымшыл халық. Туған жылын жақсы болса да, жаман болса да әсте "жаман" деп айтпайды. Жылын жұтқа санамайды. Керек болса, жаман түс көрсе де жақсылыққа жориды. Сонда істің бәрі оңға айналады деп ырым етеді. Биылғы жаз жауынсыз, құрғақ, ыстық болып өтті. Жазы жауынсыз жылдың қысы қара болып өтеді. Жаз ыстық болса, қыс аязды болады. Алдағы қыста солтүстік өңірлерде қар қалың күн суық, қара аязды болады. Жаздың шілде, тамыз айлары қатты ыстық болды, соған қарағанда, қаңтар , ақпан айлары аязды болады. Соған байланысты малдың қора- қалтқыларын ерте қалыңдап, жем мен шөп қорларын молынан дайындау керек. Аяз қысқанда мал өріске, тебінге шыға алмай қалады. Азынаған ақ бұрқақ боранды күндері мал қорада болғаны дұрыс.

 

1902 жылдан 2022 жылға дейін 11 Барыс жылы бар. Барыс жылы кіргенде бақ жылы кіреді деп жорыған біздің қазақ. Сондықтан жылды кірмей жатып, жұтқа санау жаман ырымға жатады. Жыл есен болып кірсін деп тілейік.

 

Тілші: Осыдан тура жүз жыл бұрын Торғайда ұлы жұт болды. Мешін-Тауық деген атпен белгілі бұл жұттың дерегі сайрап жатыр. Әр 100 бас малдың 90-ы өлген. Қазанның басында қар түсіп, сәуірдің 20-сында қар кетпеді дейді. Бұл сонда 100 жыл сайын қайталанып тұратын цикл ме?

 

Болат Бопай: Жүз жылда қайталанады деген дұрыс таным емес. Әр жылда 24 амал болады. Жаз нышаны қыста қайталанады.

 

Жаздың мінезіне қарап, қыс қабағын таниды. Жаздың ауа райы, қыстан хабар береді. Оны жылма-жыл болжап айтып отырады. Осыдан жүз жыл бұрын апат болған еді, сол апат қайталанады деп жору дұрыс емес. Құдай қаласа, алдағы қыс жақсы болады. Ел есен, жұрт аман болсын деп тілейік.

 

"Сақтансаң сақтаймын" деген екен Алла Тағала. Сақ болған жөн. Дайындық күшті болса, қорқудың қажеті жоқ. "Елемеген жау жаман, ескермеген дау жаман" деп атам қазақ текке айтпаған. Әр жылдың қысынан қысылмай шығу үшін жыл сайын дайындық көреміз ғой. Биыл екі есе дайындық көрсек, көктемге аман-есен жетеміз.

 

 

 

 

exk.kz

 




Көрілген: 6624    Пікірлер: 0

жексенбі, 19.09.2021, 12:13

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Қазан, 00:44
    QAZFORUM-2021 БАСТАЛАДЫ

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31