Қазақстан бойынша 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі жарияланды

30 наурыз 2022, 23:58

2022 жылдың 1 сәуірінде 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау басталып, биылдың 1 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 «Азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау және балаларды мектепке қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады», - делінген ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, 1-сыныпқа 6 жасқа толған балалар, сондай-ақ күнтізбелік жылда алты жасқа толған балалар қабылданады. Ол үшін баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші, сондай-ақ баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 026/у-3 және 063/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат, сондай-ақ оқушының өлшемі 3х4 болатын екі фотосуреті қажет.

Өңірлердегі білім басқармалары әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы ата-аналар арасында балаларды мектепке қабылдау ережелері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Биыл 400 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады.