Қазақстан Қырғызстанға құны 390 млн теңгеге жуық гуманитарлық жүк жіберді

25 қараша 2020, 21:50

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қырғызстанға гуманитарлық жүк жіберді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Министрліктің ресми сайтындағы мәліметке көзжүгіртсек, жіберілген гуманитарлық жүктің жалпы құны 390 млн. теңгеге жуық. Атап айтқанда «Тыныс» АҚ шығарған «Көкшетау-4П» ӨЖЖ аппараттарының құны 328 млн. теңге, «Dolce pharm» ЖШС және «Mega pharm» ЖШС шығарған медициналық бетперделер құны - 61 млн. теңге.

"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № 763 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылғы 23 қарашада Қырғыз Республикасына ауыр жүк көлігімен «Көкшетау-4П» өкпені жасанды желдету мобильді аппараттарының 400 данасын және Қазақстан кәсіпорындарда өндірілген 2 млн. медициналық бетперде жіберді", - делінген ресми хабарламада.