Қазақстан Украинада оқып жүрген үндістандық студенттерді қабылдай ма? Министр жауап берді

14 маусым 2022, 14:48

Қазақстанның медицина университеттері Украинадағы үнді студенттерін қабылдауға дайын. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Үндістан үкіметі бізге ресми жүгінді. Кеше елімізге Үндістанның сыртқы істер және мәдениет министрі Минакши Лекхи келді. Кездесуде Украинада жиырма мыңнан астам студенттің білім ала алмай қалғаны туралы мәселе көтерілді және бізден көмек сұрады. Жалпы, біздің университеттер көмек көрсетуге, шамамен 200 студентті қабылдауға дайын", - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.

Оның нақтылауынша, шетелдік студенттер оқу ақысын өздері төлейді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі мүмкіндікке қарай үндістандық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылатынын атап өтті.