Соңғы 40 жылда Қазақстан аумағында орташа жылдық ауа температурасының өсу қарқыны әр он жыл сайын 0,32 жоғарылап отырған. Соның салдарынан елде қуаңшылық көрсеткіші артты. Бұл туралы Бұл туралы «Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Сайыров Орталық коммуникациялар қызметіндегі БАҚ өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.
Белгілі болғандай, бұл көрсеткіш жер шары бойынша ауа температурасының өсу қарқынынан әлдеқайда көп.
«Жер шары бойынша ауа температурасының өсу қарқыны – орташа есеппен 0,18 градус. 2021 жыл Қазақстандағы ең жылы бесжылдыққа кірді. Аномалия өзгеріс енгенге дейінгі орташа жылдық температурадан 1,5 градусқа артық болған. Сондай-ақ жаз мезгіліндегі аптап ыстықтың қайталануы да артып келеді. Құрғақ аймақтарда жаңбырсыз кезеңнің максималды ұзақтығы да көбейген. Республика бойынша күндізгі және түнгі аяздардың жиілігі төмендеуде. Әсіресе солтүстік пен батыс аймақтарда аязды күндердің саны азайып барады. Солтүстікте және оңтүстік шығыста жауынсыз кезең артып келеді», - деді Серік Сайыров.
Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында соңғы 35 жылда алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда қауіпті гидрологиялық құбылыстардың орташа саны ұлғайып келеді. Мәселен таулы аймақтарда су тасқыны жағдайларының орташа мәні 42 ретке көбейгені белгілі болды.