Қазақстанда жиһаз бағасы қымбаттайды

26 мамыр 2022, 13:10

Мамандар Қазақстанда жиһаз бағасының Ресейден әкелінетін материалдардың қымбаттауына байланысты өсіп жатқанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап. 

Мамандардың айтуынша Қазақстанда ағаш жиһаз өндірісінің 70 пайызы ресейлік шикізат импортына тәуелді. Өндірушілер елге бұрын әкелінген қорларды пайдалануда. Бірақ олар ерте ме, кеш пе таусылады. Ал қазір Ресейден Қазақстанға әкелінетін ағаш импортының құны төрт есеге өскен. Оның үстіне оны есепке алудың жаңа жүйесіне байланысты жүк тасымалдауға тыйым салынды. Елімізге енді ағашты тек теміржол арқылы ғана әкелуге болады. 

Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Қанат Ибраевтың айтуынша бұрын бір текшені тасымалдау 3000-3500 теңге шамасында болса, қазір оның құны 12 000 теңгеге жеткен. Бұл ретте логистикалық шығындар барлық шығындардың 40 пайызын құрайды.

Рубльдің басқа валюталарға қатысты өсуі бағаға да әсер етуде. Қазақстанның өзінде ағаш көлемінің жеткіліксіздігінен өнеркәсіптік ағаш кесуге мүмкіндік жоқ. Санкциялар салынғанға дейін Ресей әлемдегі жетекші ағаш экспорттаушылардың бірі болды. Соңғы айларда теңгеге қатысты ақша бағамы 5,5 теңгеден 7 теңгеге дейін өсті.

Маусым айының басына қарай Қазақстанда жиһаз өндірісіне қажетті материалдар кем дегенде 30 пайызға қымбаттайды. Осы айларда дайын өнімге сұраныс жоғары инфляция аясында айтарлықтай төмендеді.

“Қазір адамдар жиһаз қарайтын шамада емес. Құрылыс белсенді жүріп жатқанымен мемлекеттік мекемелердің сатып алуға сұранысы айтарлықтай төмендеді. Ал ең қиыны елімізде кәсіпкерлікті қолдаудың орнына әлі де болса, бизнеске тыйым салатын бұйрықтар бар. Жасанды сұраныс болса да өнеркәсіпке сұраныс серпін берсе барлығы оңай болар еді", – дейді жиһаз өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Қанат Ибраев.

Ибраевтың айтуынша Ресеймен шекаралас аймақтарда ағаш кесетін көптеген зауыттар жабылуға жақын. Олар шикізатты сыртқа шығаруға тыйым салып, дайын өнімді экспорттауға ден қоя бастаған. Ағаш өңдеу кәсіпорындарының қосымша құны қазір көрші елге өтіп жатыр. Осы себепті жүздеген қазақстандық жұмыссыз қалды. Ресейден ағаш тасуға маманданған бірнеше жүздеген жүк көлігінің жүргізушілері де жұмыссыз қалды.