Қазақстанда қылмыскерлердің 80%-ға жуығы жұмыссыздар

27 мамыр 2022, 13:42

Қазақстанда жыл басынан бері 20 мыңға жуық адам қылмыс жасаған. Finprom сарапшылары келтірген мәліметке сүйенсек, қылмыс жасағандардың 79.2%-ы жұмыссыздар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
3,8 мың адам қылмыстық теріс қылыққа барса, 7.2 мың адам — орташа ауырлықтағы, 5.4 мың адам — ауыр қылмыс, 3,1 мың адам — ұсақ қылмысқа, ал 459 адам — аса ауыр қылмысқа барған. 

Қылмыскерлердің басым дені Алматы облысы, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелді. Заңды ең аз бұзатындар - қызылордалықтар. 

20 мың құқық бұзушының ішінде: 

18.5 мың - Қазақстан азаматтары,

464 - ТМД елдерінің азаматтары,

69 - ТМД-ға кірмейтін мемлекеттердің азаматтары. 

Қылмыскерлердің 17 мың 500 - ер, 2 мың 500 - әйел. 


"Заң бұзушылардың 79.2% жұмыссыздар. Олардың қатары бір жылда 3.3%-ға қысқарды. Тағы 1,4 мың адам жұмысшы, 381 адам — мемлекеттік қызметкер, 339 — білімгерлер, 261 — жеке кәсіпкерлер", - деді сарапшылар. 

Негізінен ұрлық, алаяқтық, ұсақ жымқыру сынды қылмыс түрлері жиі кездеседі.