Қазақстанда вейп бағасы қымбаттайды

25 мамыр 2022, 18:39

Қазақстанда вейптердің бағасы көтеріледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі. 

Бүгін мәжілісте салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Соның аясында темекіге ғана емес, вейптерге де акциздің бағасын көтеру жоспарланып отыр.

"Қазіргі кезде сигареттер мен қыздырылатын темекінің акциздері дифференциалды түрде, шамамен 10 проценке өсіп келеді. Біздің мақсатымыз – оны еуропалық деңгейге жеткізу. Бірақ депутаттар тарапынан қосымша ұсыныстар түсті. Осы заң жобасын талқылау барысында акциздің мөлшерлемелері тағы көтерілуі мүмкін", – деді Қуантыров жалпы отырыстан кейінгі брифингте.

Министрдің айтуынша, бүгінде темекіні қыздыратын құралдарды жаспөспірімдер жиі пайдаланады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысына сәйкес, ондай құралдардың қаупі сигаретпен бірдей.

"Демек, вейптердің адам денсаулығына тигізетін әсері темекімен теңестіріліп отыр. Осыған байланысты біз депутаттардың ұсынысын ескере отырып, акциздердің мөлшерін көтеру мәселесін қарастырып шығамыз", – деп атап көрсетті Қуантыров.

Айта кетсек, мәжілістің бүгінгі отырысында депутаты Еділ Жаңбыршин вейптерге толығымен тыйым салуды ұсынды. Ал ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, "вейптерге тыйым салынса, адам денсаулығына қауіпті басқа да тауарларға тыйым салу мәселесі туындайды". Сондықтан осы мәселені экономикалық жолмен шешу керек. Вейптер қымбат болса, оны алатын адамдар да азаяды.