Қазақстанның 30-дан аса жүк көлігі Украинада қалды

03 наурыз 2022, 15:38

Қазір эвакуациялану мәселесі пысықталып жатыр

ҚР Сыртқы істер министрлігі Украина жерінде қалған қазақстандық жүргізушілер мен олардың жүк көліктері туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Атамекен» ҰКП берген ақпаратқа сәйкес, Украинадағы әскери шиеленіс басталғаннан кейін ел аумағында 47 жүргізуші – ҚР азаматтары және 8 жүргізуші – шет мемлекеттердің азаматтары бар жалпы 55 бірлік автокөлік қалды.

«Қазіргі таңда қазақстандық дипломаттардың көмегімен 55 автокөлік құралдарының ішінен жүргізушілермен бірге 13 автокөлік украин-ресейлік шекарасы арқылы Ресей аумағына, 8 автокөлік Молдоваға және 3 автокөлік Польшаға шығуға қолғабыс көрсетілді. Қолда бар деректер бойынша, қазақстандық тасымалдаушылардың 31 автокөлік құралы Украина аумағында қалды.

Азаматтардың және жүк тасымалдаушылардың орналасқан жеріне байланысты ҚР-дың Ресейдегі, Беларусьтегі, Польшадағы, Словакиядағы, Мажарстандағы, Румыниядағы және Молдовадағы шетелдік мекемелері олармен тұрақты байланыста және болу елінің билігімен бұл аумақтар арқылы эвакуациялауды пысықтауда, сондай-ақ неғұрлым қауіпсіз эвакуациялық жолдарды ұсынуда», - делінген хабарламада.