Қазақстанның дәрілік нарығында препараттарды таңбалау және қадағалау жүйесі енгізіледі

28 ақпан 2022, 16:30

Қазақстанда фармацевтикалық өнімді таңбалау және қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Ажар Ғиният хабарлады.

 
"Биыл импортты алмастыруды арттыру шеңберінде мынадай шаралар көзделген: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 5 жаңа өндірісті іске қосу, оның ішінде Big Pharma-ны тарта отырып, отандық фармацевтикалық өнімді халықаралық тану үшін Ұлттық реттеушіні дамыту, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналысының барлық процестерін цифрландыру, Дәрілік заттарды таңбалау мен олардың бақылануын енгізу"", - деді министр.
Ол жоғарыда аталған шараларды іске асыру нәтижесінде бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы көлеміндегі отандық өндіріс үлесінің 37% - ға дейін өсуі күтіліп отырғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта ҚР-дағы фармацевтика нарығының жалпы көлемі 765,3 млрд теңгені, оның ішінде отандық тауар өндірушілер 121,1 млрд теңгені құрайды.

Бұл ретте Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу көлемі 244,9 млрд теңгені, отандық тауар өндірушілерден 90,6 млрд теңгені құрады.

Отандық тауар өндірушілердің саны 88 кәсіпорынды құрайды, оның ішінде: дәрілік заттарды өндірушілер – 32, медициналық бұйымдар мен техниканы өндірушілер – 56.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес Бірыңғай дистрибьютор дәрілердің 91% - ын сатып алды, бұл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1 496 позициясы.

Қазіргі уақытта Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына 1 346 позиция немесе 90% түсті.

Сондай-ақ, 2021 жылы Бірыңғай дистрибьютор жалпы сомасы 33 млрд теңгеге 459 атау бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың азайтылмайтын қорын сатып алды.