Қазақстанның қай аймақтарында халық саны азайып жатыр

21 желтоқсан 2021, 13:37

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың алғашқы он айындағы мәліметіне сәйкес, еліміздің алты өңірінде халық саны кему үстінде. Олардың ішінде Қостанай, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұрғындардың саны айтарлықтай азайған.

2021 жылдың алғашқы он айында Қазақстан халқының саны жыл басынан бері 202,9 мың адамға немесе 1,07%-ға артып, 19 083 мыңға жеткен. Бүгінде елімізде халық санының өсімі бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалалары көш бастап тұр.

2021 жылдың алғашқы он айында Қазақстанның 17 өңірінің 11-інде халық саны артқан. Өсім еліміздің үш ірі мегаполисінде, батыс және оңтүстік өңірлерінде байқалады. Ал алты облыста, атап айтсақ, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда тұрғындар саны керісінше төмендей түскен. 

Рейтингті бастап тұрған Нұр-Сұлтан халқы 52,1 мың адамға өссе, Алматыға алғашқы он айда 51,1 мың қазақстандық қоныс аударған, Шымкенттегі халық саны 43,3 мың адамға артқан. Аталмыш қалалардан бөлек, алғашқы бестікке Алматы (28,6 мың адам) және Түркістан (28,6 мың адам) облыстары кірген.

Сондай-ақ өсім Маңғыстау (21 мың адам), Қызылорда (13,6 мың адам), Ақтөбе (13,3 мың адам), Атырау (11,6 мың адам), Жамбыл (10,6 мың адам) облыстарында байқалады. 

Ал Шығыс Қазақстанда жағдай мәз емес. Себебі осы жылдың өзінде өңірден 7 мың адам көшіп кеткен. Бұған қоса көш соңында Солтүстік Қазақстан (6,1 мың адамға азайған) мен Қостанай (6,3 мың адамға азайған) облыстары тұр.