Қазақстанның оңтүстігіндегі электр қуатының сөну себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды

26 қаңтар 2022, 20:58

Қазақстанда оңтүстік өңірлердегі электр қуатының өшірілу себептерін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Энергетика вице-министрінің басшылығымен "KEGOC" АҚ-ның электр желілерінде оңтүстік өңірлердегі тұтынушыларды электрмен жабдықтауда іркіліске әкеп соқтырған технологиялық бұзылыстың туындауының және дамуының себептері мен шарттарын объективті және жан-жақты анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды", - делінген хабарламада.

Тергеу нәтижелері бойынша алдағы уақытта мұндай технологиялық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жұмыс істеу сенімділігін арттыру бойынша ұйымдастыру-техникалық шаралар әзірленетіні атап өтілді.

Қаңтардың 25-і күні Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында, Алматы мен Шымкентте төтенше жағдайда электр қуаты сөндірілді. Сол күні сағат 16:00-де Қазақстанның оңтүстік аймағының барлық өңірлеріндегі тұтынушыларға электр қуатын беру қалпына келтірілді.