Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қазақтың құнды жәдігерлері қашанғы қара жол астында қала бермек?

29 сәуір 2011, 12:28

Батыс Еуропа–Батыс Қытай автодәлізі – сөз жоқ, халықаралық маңызы бар ғасыр жобасы. Мемлекетіміздің қазынасына қосар қомақты үлесімен қатар, саяси ұпай да сыйлайтын маңызды нысан. Бәлкім, жобаның шикі жасалуынан болар, жоқ әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір, дәлізге қатысты кертартпа келеңсіздіктер бірінен кейін бірі көрініс беріп отыр. Көрші Жамбыл облысының аумағынан өтетін бөлігінде жұмыс қызу жүріп жатқанда, Оңтүстік Қазақстанда жер саудасы қызып жатты. Жұмысты жеделдету үшін арнайы Астанадан үлкен лауазым иелері бір емес, бірнеше рет ат басын тіреді. Сонымен, әйтеуір, сең қозғалғандай болып еді. Сөйтсек...
Жерге қатысты дау әлі толастамапты. Дәліз тү­сетін жер телімінің иелері учаскенің құнын бірден аспандатып, жұмыртқадан жүн қыр­қып қалуға жанын да, барын да салып жат­қан­ға ұқсайды.
«Халықаралық автожол өтетін жерлерді са­тып алуда әсіресе Сайрам ауданы тұр­ғын­да­ры тарапынан көптеген кедергілер мен ке­лең­сіздіктер болып жатыр. Мәселен, осы ау­дан­ның Т.С. деген тұрғыны бағалаушыларға ұсын­ған өзінің жерінде ауылшаруашылық өнім­дерін өндіретінін көрсеткен. Онда су тар­татын скважина, ағаш бағаналардың бар еке­нін алға тартып, мемлекет қазынасының 14 миллион теңгесін әмиянына түсірген. Алай­да кері тексеру барысында айтылған жайт­­тар анықталмаған. Прокуратураның ұсы­­­нысы бойынша Сайрам аудандық со­тының үкімімен аталған азамат алаяқтығы үшін екі жыл шартты жазаға тартылып, мем­ле­кет пайдасына 13 599 758 теңгені кері қай­та­ру­ға мәжбүр болды», – дейді облыс проку­ро­рының орынбасары А.Байшолақов.
Бұдан бөлек, үш жер иесіне төлем жа­сау опе­рациясы сотта қаралуына бай­ла­нысты тоқ­татылып тұрса, төрт жер иесінің келтірген мә­ліметтері кері тексерілуде.
Сондай-ақ бес жер иесімен негізсіз кеткен шығынды қайтару жөнінде келісім-шарт түзілген. Осы секілді себептерге байланысты жер учаскелерін сатып алу жұмысы тағы да уақытша кешеуілдеп тұр. Прокуратураның мәліметінше, облыс аумағынан 850 жер учаскесі сатып алынуы керек болса, бүгінге дейін оның 537-сі сатып алынған. 313-і сатып алыну үстінде.
Бұл – жер бетіндегі, яғни көзге көрініп тұрған нысанға байланысты туындап отырған келеңсіздік. Ал енді көзге көрінбейтін, жер астында тарих болып қатталып қалған құндылықтарымыз да жол астында қалғалы жатыр ғой. Мұны, әрине, даулап жатқан жеке азаматтар жоқ. Бұл жайт, ең алдымен, археологтердің жанына батып, шырыл қағып жүр. Маман­дар мәліметіне сүйенсек, дәл осы халықаралық автотрасса тарихымыздың тұңғиығынан сыр шертетін 20-дан астам тарихи-архитектуралық ескерткіштердің үстіне салынады екен. Оның ішінде көне Қарлұқ қалашығы, ортағасырлық Рибадз кенттері бар. Бұл жерлерді былтыр жол салушы мердігерлер қопара бастағанда, топырақ арасынан қыш кеселер сынығы тағы басқа да құнды жәдігерлер кезіккен. Ә.Марғұлан атындағы археология инс­титутының директоры Бауыржан Бай­танаев: «Бұл қалашық Х ғасырда бой кө­терген. Пиар-акция кезінде құры­лыс­шылар мәдени қабатын қазып құртты. Архео­логиялық зерттеулерге сүйенсек, қалашық 20 гектар аумақты алып жатыр. Бұры­нырақта осы жерді жанай Алматы-Шым­кент трассасы салынған. Ал жаңа халық­аралық автобан тура осы көне қалашықтың орта­сынан кесіп өтеді. Демек, оны құр­татыны сөзсіз. Автожол құрылысын жүр­гізетіндер әлі археологтермен келісім­шарт түзген жоқ», – дейді. Солай бола тұра, автотрасса өтетін аймақтағы тарихи жә­дігерлерді сақтау, қорғау ісіне қатысты нақты шешім шықпай отыр. Яғни археолог­тердің жанайқайы жар басындағы жаң­ғырық күйінен әріге аса алмауда, тіпті рұқсат алуға да асықпайтын көрінеді. Егер тарихқа шын жаны ашитын адам табыла қалса, бұл жерлерге, бірінші кезекте, ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастырып, жергілікті тұрғындардың да, туристердің де жиі табан тірейтін аймағына айнал­дыруды ойлайтыны анық еді. Өкінішке қарай, әрі құндылығымызды шетелдіктерге таныстыру мүмкіндігі мол, әрі үздіксіз табыс көзіне айналдыру бизнесі бола алатын бизнес түрі арман күйінен айны­майтын секілді.
– Археология ғылымы бір күнде жаса­латын жұмыс емес. Оның үстіне, техниканың темір табанымен таптап өте салу оңай, ал тарихты түгендеу қиын. Біз үшін Көлік және коммуникациялар ми­нистр­лігінің бұл орайдағы ұстанған мақ­саты түсініксіз болып отыр, – дейді Б.Бай­танаев баспасөз өкіл­деріне берген мәлімде­месінде.
Осылайша оңтүстікте жерге қатысты, тарихи маңызы бар археологиялық қазба жұмыстарына қатысты даудың көрігі қызып тұр. Оның қашанға дейін созылатыны тағы белгісіз. Ғасырлар тарихының куәсі бо­латын жәдігерлерімізді жоғалтып алып, кейін сан соғып қалатын болсақ, ұрпақ алдындағы үлкен күнәміздің бірі осы болмақ. Ал оған ертең кім жауапты бо­лады? Бұл жағын ойланатын жана­шыр­дың аз болып отырғаны өкінішті.

P.S.
Бір дау шешімін таппай жатқанда, тағы бір сорақылықтың басы қылтиып тұр. Сайрам ауданының бұрынғы әкімі Мұхит Әліге қатысты стратегиялық маңызды жоба екенін біле тұра, халықаралық дәліз аумағынан жер бергені үшін облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің жетекшісі Шағала Момынханқызы хабарлады. Оның айтуынша, ККМ автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменті тарапынан жергілікті атқару органдарына автомагистральдің аумағына жататын жерлерден жер телімдерін беруге тыйым салынатындығы туралы арнайы хат жіберілген екен. Солай бола тұра, аудандық әкімдік шаруа қожалығын жүргізу, тұрғын үй салу секілді мақсаттарға жалпы аумағы 34,83 гектар болатын 17 жер телімін беріп жіберген сыңайлы. Аудан әкімі жоғарыда аталған хатты ұмыт қалдырды ма, әлде мән бермеді ме, ол жағын тергеу амалдары анықтайтын болады.