2019 жылдың 18 қараша күні Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі «Су, жер және орман ресурстары» факультетінің «Орман ресурстары және аңшылықтану» кафедрасының ұстаздары мен 2-3-курс студенттері бірлесіп Алматы хайуанаттар бағына арнайы барып, жануарлардың қорегі үшін университеттің аумағындағы бақтан жинаған жаңғақтарды табыс етті.
Университет ұстаздары мен студенттер бұл бастаманы Алматы хайуанаттар бағында жыл сайын өткізіліп тұратын «Күзгі емен жаңғақтары» атты дәстүрлі шара аясында іске асырды. Осындай игі іс арқылы қала тұрғындары мен қонақтары Алматы бақтарындағы жаңғақтарды жинап, теріп, зообақтағы жануарларға әкеліп беруде. Бұл табиғат пен жануарларға деген қамқорлықтың бір көрінісі.
«Алматы хайуанаттар бағы» даму бөлімінің меңгерушісі Ақжәми Рахимова, Алматы зообағы тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі Балабек Мақатов және – Ұлжанар Адилаева, Жансая Ахметкәрімова, Айғаным Бекенова сынды зообақтың Ғылыми-әдістемелік бөлімінің мамандары универсиет ұстаздары мен студенттеріне зообақты таныстырып, заманауи талаптарға сай жасалған жануарларға арналған жаңа вольерлерді көрсетіп, жануарларды қорғау, сақтау, оларды қоректендіру мәселелері бойынша пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты.
«Біз – зообақтағы «Күзгі емен жаңғақтары» акциясын шет қалғымыз келмеді. Университет ауласындағы жаңғақтарды теріп, хайуанаттар бағындағы тұяқты жануарларға алып барып, зообақта жануарларға жасалып жатқан жалпы жағдаймен жақын танысуды мақсат еттік. Біз – терген жаңғақтарымызды барлық жануарларға таратып бере алмасақ та ондағы бірер жануардың біраз күндік азығын бере алдық деп ойлаймыз. Жануарларды қорғау баршамыздың парызымыз» – дейді студент жастар.
Бүгінде ҚазҰАУ ғалымдары Алматы хайуанаттар бағымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мұнда «Орман ресурстары және аңшылықтану» кафедрасының студенттеріне тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, университеттің білікті ғалымдары зообақтағы «Жас натуралистер үйірмесіне» (жеткшісі – Ұлжанар Адилаева) қатысушы оқушыларға дәріс беріп тұрады.
«Қазіргі таңда хайуанаттар бағын жабу туралы көптеген қарсылықтар болып жатыр. Біз оны теріске шығарғымыз келеді, себебі əлемде жойылып кету қаупі бар жануарлар осы хайуанаттар бағында сақталып қалған. Біз төл табиғатымызды өзіміз қорғауымыз қажет. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар ерекше қорғауды қажет етеді. Жабайы табиғатта оларға деген қауіп өте жоғары. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін біз зообақта жануарларға барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Сондықтан, осындай қайырымдылық шаралардың көптеп ұйымдастырылып тұрғаны жақсы», – дейді зообақ мамандары.
Мұхтар БАЙБАТШАНОВ,
«Орман ресурстары және аңшылықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты