Биылғы жылдың 30 қазан күні Гаага қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин мен Нидерланды Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рютте арасында екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту перспективалары жөнінде келіссөздер жүргізілді.
Нидерланды Корольдігі Қазақстанның экономикасына инвестиция салу бойынша көшбасшы ел. Бүгінге дейін Нидерландыдан Қазақстанға 92 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 6,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Қазір Қазақстан нарығында нидерландтық капиталдың қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Гаагадағы Қазақстан-Голландия Бизнес-форумы шеңберінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов ҚазҰАУ-Вагенинген Университеті (Wageningen University and Research-WUR) ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойды.
Бұл – екі жоғары оқу орны ғалымдарының бірлесіп атқарған жүйелі жұмыстары мен ҚазҰАУ мен Вагенинген Университетінің 20 жылдан бергі әріптестік байланысының жемісті нәтижесі. Осы жылдар аралығында бірқатар бірлескен халықаралық ғылыми-білім беру жобалары іске асырылып, Қазақстандағы жоғары оқу орындарына әлемдік стандарттарға сай сапа жүйесі енгізілді.
2010 және 2016 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университеті Эрасмус Мундус бағдарламасы аясында CASIA жобасының үш бағытына ұлттық үйлестіруші болды. ҚазҰАУ оқытушы-ғалымдары, студенттері, магистранттары мен докторанттары аталған жоба шеңберінде академиялық ұтқырлық бойынша Вагенинген Университетінде білім жетілдіріп, тәжірибеден өтті. Онда ҚазҰАУ студенттері түрлі семинарлар мен ЖОО-лар жәрмеңкесіне белсене қатысып, жетекші орындарға көтеріліп, арнайы марапаттарға ие болды.
Нидерланды Сыртқы істер министрлігі мен ҚазҰАУ арасындағы келісім негізінде «Holland Innovation» жобасы тиімді іске асырылып, оның нәтижелері Елордада өткен EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынылды. Аталған жобаға Вагенинген Университеті әріптес ретінде қатысты.
2019 жылдың басында Вагенинген Университетінен WUR Халықаралық корпоративтік стратегия мен есеп жөніндегі аға саяси кеңесші Йерун Обург, Академиялық мәселелер жөніндегі экс-проректор, профессор Тини ван Бокель және Агротехнологиялар мен тағам ғылымы кафедрасының профессоры, WUR – бакалавриат бойынша білім беру бағдарламасының Сингапурға арналған нұсқасы авторларының бірі Ани Янсен сынды білікті ғалымдар арнайы жұмыс сапарымен ҚазҰАУ-ға келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне бірлесіп мамандар дайындау мәселелері сараланып, ҚазҰАУ-ға Вагенинген Университеті әзірлеген Plant Sciences (Өсімдіктер туралы ғылым) және Food Technology (Тағам технологиясы) білім беру бағдарламаларын енгізу жөнінде шешім қабылданды.
Биылғы жылдың қазан айының басында ҚазҰАУ ғалымдары Вагенинген Университетінде болып, алдағы жылдарға белгіленген жоба-жоспарлар барысын кеңесіп, талқылап қайтқан болатын. Нәтижесінде «Өсімдіктер туралы ғылым» және «Тағам технологиясы» бағыттары бойынша жаңа буындағы білікті мамандарды бірлесіп дайындау мәселесі нақты келісілді. Осы келісім негізінде әр бағдарламаға 50 студенттен қабылданып, олар өз елімізден сыртқа шықпай-ақ, сапалы білім ала алады. Бұл – жастарға замануи, озық білім беруде өте тиімді әдіс және университеттің қарқынды дамуына ықпал етеді.
Ендігі кезекте ҚазҰАУ студенттері Вагенинген Университетінің білім беру бағдарламалары негізінде оқып, оқытушы-профессорлар құрамы жаңа бағытпен сабақ өту әдісі мен инновациялық технологияларын меңгеретін болады. Оқу барысы онлайн түрде де өтеді. Аталған екі бағдарлама бойынша білім алғысы келетін үміткерлер Қазақстанның барлық аймағы мен Орта Азия аумағынан таңдап алынады. Сабақтар алдағы 2020-2021 оқу жылында басталады. Бітірген түлектер ҚазҰАУ мен Вагенинген Университеті дипломдарын қатар алады. Оқу бағасы Вагенингенге қарағанда, 3-3,5 есе арзан. Алдағы 2020 жылы Вагенинген Университеті мамандарының ұсынысымен ҚазҰАУ базасында «Тағам технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша оқыту пилоттық режимде басталады.
Нидерландтық әріптестер білім алушылар мен тауарөндірушілер үшін қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып, жаппай ашық онлайн-курс тәжірибесін енгізетін болады. Осы бағытта оқытушы-ғалымдар голландиялықтардың тәжірибесін алып, біліктілігін арттыру үшін оларға арнайы инновациялық білім беру бағдарламалары жасалады. ҚазҰАУ түлектері Вагенинген Университетінде магистратурада оқуын жалғасыруға мүмкіндік алады. Осындай ынтымақтастықтың арқасында Вагенинген Университеті Қазақстан мен Орта Азияның білім беру нарығына ене алады.
Қол қойылға меморандум аясында жуық арада ҚазҰАУ мен Вагенинген Университеті ғалымдары бірлесіп қазақстандық агрокешеннің мүмкіндіктері мен мәселелеріне инвентаризация жүргізетін болады.
Қазіргі кезде Нидерландыда, Вагенинген Университетінде Метрополитен Фуд Кластер (Wageningen Metropolitan Food Clusters) консорциумы желісі жұмыс істейді. Оның құрамына университет, кәсіпорындар, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар бар. Осы консорциум арқылы әлем бойынша 20-дан астам агроинновациялық кластерлер жасалып, ірі жобалар іске асырылуда. Қазақ ұлттық аграрлық университеті осы желі құрамына енді. Бүгінгі күні Вагенинген Метрополитен Фуд Кластер консорциумының тәжірибесі бойынша ҚазҰАУ-дың «Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы базасында агротехнопарк құру мәселесі қарастырылуда.
Аталған екі жоғары оқу орнының арасындағы тығыз әріптестік байланыстардың қалыптасып, дамуына жан-жақты қолдау білдіріп, тәжірибелік көмек көрсеткен – Қазақстанның Нидерланды Корольдігіндегі Елшілгі екенін айта кетуіміз керек.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті басшылығы, оқытушы-ғалымдары мен студенттері Голландияның ірі компаниялары мен Вагенинген университетімен ынтымақтастықтың берік орнауына оң ықпал жасаған Елшілік қызметкерлеріне және Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Мағжан Жанболатұлы Ілиясовқа ерекше алғыс білдіреді.
Гаагадағы келіссөздердің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, нәтижелі болғанын атап өткен ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов: «Біз Вагенинген Университетіндегі әріптестерімізбен бірге мемлекетіміздің аграрлық нарығына бәсекеге қабілетті мамандар дайындап, алған тәжірибелерімізді Қазақстан мен Орта Азия елдерінің жоғары оқу орындарына таратанын боламыз. Екіжақты ынтымақтастық байланыстың барлық маңыздылығын, жауапкершілігін түсіне отырып, алға қойылған жоспарларды тиімді іске асыруды өз міндетімізге аламыз» – деді.
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі