Келесте құлпынай пісті

28 сәуір 2022, 11:30

Түркістан облысының Келес ауданында құлпынай пісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Қазақстан елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Исмадияр Адилов бүгінде құлпынай егіп, кәсібінен нәсібін тауып отырған жандардың бірі. «1 гектар жерге егілген құлпынайдан жылына 15-20 тонна өнім аламын. Жақсы өнім алу үшін алқаптың топырағын құнарландыруға да көңіл бөліп отыру керек. Құлпынай ылғалды топырақта өседі. Топырақтың ылғалдылығын сақтау үшін онда тыңайтқыштар төгіліп, тиісті күтім жасаймын», - дейді шаруа.

 

Диқанның былтыр күзде еккен құлпынай өнімі қазір жетіліп тұр. Бүгін еліміздің ішкі нарығына үшінші терімін шығарды. «Құлпынайдың бірінші терімінен 200 келі өнім алдым. Ал, екінші терімі 800 келіге жуық өнім берді. Үшінші терімде өнім көрсеткіші тағы да артты. Қазір 1 гектардан 4 тонна өнім жинап отырмын», - дейді Исмадияр Адилов. Өнімге сұраныс еліміздің ірі қалалаларынан және облыс аумағындағы аудандардан келіп түсуде. Осылайша диқан тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел шеше кірісіп отыр.

ҚазАқпарат