Көкшетауда үйден өрт шықты: Ер адам қаза тапты

13 наурыз 2021, 17:29

Көкшетауда өртенген үйден 49 жастағы ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт бүгін таңертең сағат 09:43-те Көкшетау қаласындағы жеке тұрғын үйде шыққан.

 
"Өртті сөндіру барысында 49 жастағы ер адамның денесі табылды. От 5 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт кезінде ер адам үйде жалғыз болған", - деді ведомствоның баспасөз қызметі. 

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталуда, сот-медициналық және өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Көкшетау қаласы полиция басқармасының мәліметінше, ер адам уақытша жұмыс істемеген және маскүнем ретінде есепте тұрған.