Ел жаңалықтары

Көлікте әйелді босандырып алған полицей Нұрбол Темірханұлы"Өз ұлымдай көремін": көлікте әйелді босандырып алған полицей сұқбат берді

  • Көлікте әйелді босандырып алған полицей Нұрбол Темірханұлы

    Көлікте әйелді босандырып алған полицей Нұрбол Темірханұлы"Өз ұлымдай көремін": көлікте әйелді босандырып алған полицей сұқбат берді

Түркістан облысында осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын екі учаскелік полицей жүкті әйелді босандырып алған еді. Ол жерде келіншектің күйеуі де болған. Жақында сол отбасы ұлының атын полицейдің құрметіне Нұрбол деп қойғаны жайлы ақпарат тарады.  

Sputnik Қазақстан тілшісі Түркістан қаласында тұрып жатқан Виталий мен Виолетта Барабаштың үйінде болды, көмек көрсеткен учаскелік полицеймен де сұқбаттасты.


© SPUTNIK / АЙГЕРІМ ТАУБАЙ
Нұрбол Темірханұлы 2015 жылдан бері учаскелік полицей болып қызмет етеді
2019 жылы күзде полиция майоры Нұрбол Темірханұлы мен полиция капитаны Бақтыбай Қалабаев толғақ қысқан әйелді босандырып алған. Қалабаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Темірханұлымен ғана сөйлесу мүмкіндігі туды.

Қос учаскелік полицей Кентау қаласынан 50 шақырым жердегі ауылдың тыныштығын күзеткен. Айтуынша, бір жағы Отырар ауданымен шектесетін бұл маңда интернет баяу жұмыс істейді. Сәбилі болған отбасы сол жақта мал бағып, күнін көрген.

"Кентау қаласына қарасты Үшқайық ауылдық округі бар. Оған бес елдімекен кіреді. Әр ауылдың арақашықтығы &ndash 15-20 шақырым. Өзім отыратын жер мен малшылардың тұратын жерінің арасы &ndash 45-50 шақырым. Ол жерде байланыс жоқ, қырға шығып хабарласқан деп топшыладым. Малшы ауылда тұратын азаматтың бәрінде менің телефон нөмірім бар, көмек қажет кезде хабарласады", - дейді Темірханұлы.
Нұрбол Темірханұлы сол аймақта учаскелік полицей болып қызмет еткеніне бес жылдан асыпты. Сол себепті оны сол маңдағылардың бәрі таниды.

"Хабарласып, келіншегінің босанайын деп жатқанын айтты. Жедел жәрдемге хабарласып, ала алмай жатқанын жеткізді. Содан бірден көлікке отырып, діттеген жерге жеттік. Күйеуі мен келіншегін отырғызып, бері қарай жолға шықтық. Жол да нашар еді. Көлік ары-бері секіреді. Содан Түркістан қаласына 2-3 шақырым жерде тоқтадық", - дейді учаскелік полицей.

Хабарласуға мүмкіндік пайда болған кезде көліктегілер жедел жәрдем шақырған. Алайда оның келуін күтпестен әйел көліктің алдыңғы орындығында босанған.

Қолдан келгеннің бәрін жасадық, деп күліп еске алады Темірханұлы.

"Жанында күйеуі болды. Қажет деген затын алып беріп, көмек көрсеттік. Көлікте дәрі қобдишасы бар еді. Ал таза сүлгіні өздерімен бірге алып шыққан екен. Не істесек болады деп, айналып жүгіріп жүрдік. Сөмкесінен қажетті затын алып беріп, біріміз көліктің есігін ашып тұрдық", - дейді полицей.

Айтуынша, полиция қызметкерлері алғашқы көмек көрсетуді біледі. Бұл туралы арнайы сабаққа қатысады. Әйел босандыру жағынан хабарымыз болмаса да, таза сүлгі қажет екені секілді дүниелерді білеміз, дейді ол.

"Көмек қолын созу &ndash әркімнің азаматтық борышы"
Нұрбол Темірханұлы қызмет жолын астанада 2006 жылы бастаған. Бір жылдан кейін Атырау қаласына ауысып, учаскелік полицей болған. Одан кейін жедел әрекет ететін жасақ құрамында болып, 2009 жылы туған жері Түркістан қаласына ауысып келген. Патрульдік полиция, жедел уәкіл, мектеп инспекторы қызметін атқарып, 2015 жылдан бері учаскелік полицей болып қызмет етеді.

36 жастағы полиция майоры үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.


© PHOTO : НҰРБОЛ ТЕМІРХАНҰЛЫНЫҢ ЖЕКЕ АРХИВІНЕН
Полиция майоры Нұрбол Темірханұлының отбасы
"Мұндай жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін. Ал сондай жағдайда көмек қолын созу &ndash әрбір адамның азаматтық борышы. Меніңше, мұндай жағдайда көшеде өтіп бара жатқан адам да көмектеседі. Ол үшін полицияда немесе дәрігер болып жұмыс істеудің қажеті жоқ", - дейді Темірханұлы.

Ал ерлі-зайыпты Виталий мен Виолетта Жалаңтөс ауылына қарасты Коммунабаз деген жерде малшы болып жұмыс істеген. Ал қазір денсаулығына байланысты бұл жұмысты тоқтатқан.

"Қазір ол отбасымен жиі хабарласып тұрамыз. Үйінің маңынан өткен кезде жағдайын біліп тұрамын. Ауруханада жатқан кезде ыстық тамақ пен киімін алып бардық. Әйелім де ол отбасыны таниды", - деп атап өтті полицей.
Сонымен қатар Виолетта ауруханадан шыққан соң бір апта Теміранұлының үйінде болған. Полицейдің жары жаңа босанған келіншектің жағдайын жасаған екен.

Отбасы содан алты ай өткен соң ауылдағы жұмысын қойып, Түркістан қаласына қоныс аударған.

"Үйінде баласын Нұрбол деп атайды. Солай қойғысы келіпті. Алайда туыстары қарсы болған соң, нәрестенің есімін Сергей деп қойған. Бастапқыда Виталий келіп, Нұрбол деп қойғалы жатқанын айтты. Шынымды айтсам, қарсылық білдірдім. Бір көмектесті екен деп, олай жасаудың қажеті жоқ екенін айттым. Дегенмен, бұл әркімнің өз шешімі", - дейді Нұрбол Темірханұлы.

Полицей пәтер ақысын төлеп берген
Полиция майоры Нұрбол Темірханұлы Sputnik Қазақстан тілшісін Виталий мен Виолеттаның үйіне ертіп барды. Алайда Виталий үйінде болмай шықты, ал жас келіншек күйеуі жоқ кезде фотоға түсіп, сұқбат беруден бас тартты. Сұраққа да қысқа жауап қайырды.

"Ұлымның есімі &ndash Сергей. Үйде арасында Нұрбол деп атаймыз. Басында қиын жағдайда көмектескен кісінің атын қойғымыз келді, кейіннен айнып қалдық. Қазір жағдайым жақсы. Әрине, көлікте толғағым қысқан сәтте қорқыныш болды. Өзімнің де, сәбидің өмірі үшін де қорықтым, бірақ соның бәріне шыдау керек еді", - дейді Виолетта.

32 жастағы Виталий мен 23 жастағы Виолеттаның екі ұлы бар. Үлкені төрт жаста, екінші баласы бір жастан асты. Қазір отбасы Түркістан қаласында пәтер жалдап тұрып жатыр.


© PHOTO : ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Темірханұлы кішкентай Нұрболды өзінің ұлы секілді көреді
Отбасы үйді 15 мың теңгеге жалдап тұрады. Соңғы айын полиция майоры Нұрбол Темірханұлы төлеп беріпті. Түркістан облысының полиция департаменті де азық-түлік, қажетті заттарын жеткізіп, көмек берген.

"Нәрестенің өмірі не болады деген уайым болды. Себебі бұл жерді екі адамның өмірі тұр. Көлікті қатты айдап, зақым келтіріп қойдық па деп ойладық. Жедел жәрдем келген соң ауруханаға бірге барып, сол жақта  күтіп отырдық", - деп еске алды Темірханұлы.

Айтуынша, дәрігерлер шығып, бала мен ананың жағдайы жақсы екенін айтқаннан кейін ғана бір-бірін құттықтаған. Ал қазір Темірханұлы кішкентай Нұрболды өзінің ұлы секілді көреді.




Көрілген: 716    Пікірлер: 0

жексенбі, 22.11.2020, 17:56

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31