Көлікте жаңа туған сәби болған: Шымкентте екі көлік соғысып, бір адам көз жұмды

18 мамыр 2022, 13:22

Шымкентте екі автокөлік соғысып, әйел адам көз жұмды. Тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Зардап шеккендердің арасында жаңа туған сәби де бар. Жол апаты перзентханадан қайтар жолда болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" арнасына сілтеме жасап. 
Адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты Республика және Қалдаяқов көшелерінің қиылысында 17 мамыр күні кешкі сағат 9 шамасында болған. Қиылыста Toyota Land Cruiser және Mercedes автокөліктері соғысқан.

Көліктердің бірінде жаңа туған сәбидің болғаны анықталды. Отбасы перзентханадан үйге қайтып бара жатқан. Бес адам №1 қалалық емханаға жатқызылды. 

Медициналық мекеменің хабарлауынша, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. 

"Кеше жол апатынан зардап шеккен 6 адам келіп түсті. 1 адам көз жұмды, қалғандары жеңіл жарақат алған. Оларға көмек көрсетіп, үйлеріне қайтардық. Бағымызға орай, сәбидің жағдайы жақсы", - деді травматолог-ортопед Асхат Абдумауленов. 

Жол апаты фактісі бойынша тексеріс жүруде. Оқиғаның жай-жапсары анықталуда.