Жамбыл облысының 50 шақты тұрғыны үй аламыз деп алданып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды.
Олар баспанамен жарылқаймыз деген ұйымға сеніп, қомақты ақша құйған. Енді екі жылдан бері не пәтерге, не ақшасына қол жеткізе алмай сенделіп жүр.
Жұрт жарнамасы жер жарған кооперативке алданып қалдық дейді. Айтуынша, "Сенім" тұрғын үй комерциялық емес ұйымы "өзіңмен бірге екі адам ертіп келсең, бір күнде баспаналы боласың" деген. Жұрттың бәрі осы сөзге иланып, жапатармағай 2-8 миллион теңге аралығында ақша салған. Енді не баспана, не қаражат жоқ.
“Мен бірнеше мәрте филиалдарына бардым – жоқ. Ауырып жатыр дейді. Хатшы отыр. "Ақшамды қайдарыңдар" деп, арыз жазып кеттім. Осы күнге дейін уәдемен келді. Тіпті "неге ақша сұрайсың, бастығыңа хабарласып, жұмыстан шығартып жіберемін" деп қорқытады”, – дейді Меркі ауданының тұрғыны Әнел Шүкенова.
Гүлзария Шадыбаева да сан соғып қалғандардың бірі. Ол бақандай үш жарым миллионын қайтара алмай жүр. Амалы таусылған әйел сотқа жүгініп, іс соның пайдасына шешіліпті. Алайда сонда да ұйым оған ақшасын бермеген.
"Қолыңдағы 35 миллионды бере ғой, біз саған бір айдан кейін 7 миллион теңге береміз" дейді. Банк есепшотына саласыңдар, ол шотта тұрады, кез келген уақытта шешіп ала аласыңдар деді. Содан кейін оларға сеніп қалдық”, – дейді Меркі ауданының тұрғыны Гүлзария Шадыбаева.
Наразы жұрт кооператив басшыларын жер-көктен іздеп таппай жүр.
Ал алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Сенім" ұйымының басшысы міз бақпады. "Бұл германиялық теңдесі жоқ жоба, бар ойымыз жұртты баспанамен жарылқау" деген ұйым өкілі өзінен үй алудың еш қиындығы жоқ екенін айтады. Ол үшін ақша құюды үзбеу керек әрі жүрген жерде жобаны жарнамалау қажет дейді. Ал дәл қазір тұрғындар екеуін де тоқтатыпты.
“Біздің менталитетке сәл келмей тұр. Себебі, үйді жылдам алғысы келеді. Коперативте үйді жылдам ала алмайды, себебі, адамдар өзін мақтап, мадақтап шақыратын, бірбіріне көмектесетін жері. Банктен айырмашылығымыз – бірге бір қосатын пайыз алмаймыз, компанияның қызметі ғана”, – дейді "Сенім" тұрғынүй кооперативінің өкілі Гүлшат Айтжанова.
Салымшыларға қаражаттың қайтарылатын түрі жоқ. Ал сот арқылы да еш нәтижеге қол жеткізе алмаған бұқара не істерін білмей жүр. Бүгін тағы 50-ге жуық адам құзырлы орынға арыз жазды.