Соңғы уақыттарда өздерін банк қызметкерімен деп таныстырып, қазақстандықтардың атынан несие рәсімдейтін алаяқтар көбеюде. Солардың біреуін жақында ForteBank қауіпсіздік қызметі ұстауға көмектесті. Осыған орай банк өз клиенттерін сақ болуға шақырады және алаяқтардың құрығына түспес үшін бірқатар кеңестер ұсынады.
Айта кетсек, бұған дейін 17 мамырда Әлия Күмісбаева (аты-жөні өзгертілген) есімді Алматы тұрғыны алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, ForteBank-ке шағымданған. Сөзінше, ол белгісіз нөмірмен қоңырау соққан адамға сеніп, телефонына келген SMS-кодты айта салған. Салдарынан депозитіндегі 2 миллион теңгеге жуық қаражатынан айырылып, сан соғып қалған.
ForteBank баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел банкке жүгінген соң жедел түрде алаяқты іздестіру шаралары жүргізілген. Нәтижесінде ақшаның Семейдегі тергеу изоляторында отырған азаматтың шотына аударылғаны анықталған. Дегенмен қаражатты басқа алматылық азамат қаладағы банкоматтардың бірінен шығарып алыпты. Өз кезегінде банктің қауіпсіздік қызметі бұл ақпараттың барлығын полиция қолына тапсырған.
Абырой болғанда, алматылық тұрғынды алдап соққан азамат екі күннен кейін қолға түскен. Қазір оның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ер азаматтың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Бұл ретте ForteBank өз қызметкерлерінің бір реттік SMS-хабарлама мен қосымшадағы жеке ақпаратты сұрап, хабарласпайтынын ескертеді. Ал алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін банк қазақстандықтарға бірқатар кеңес берді.
Алаяқтарды қалай ажыратуға болады?
Алаяқтар негізінен жеке ұялы телефонға қоңырау шалып, өзін қауіпсіздік қызметкері, клиенттерді қолдау немесе банк операторымын деп таныстыру мүмкін. Әдетте олар клиенттің мобильді қосымшасына немесе шотына қауіп төніп тұр деп қорқытып, психологиялық қысым жасауға тырысады. Бұған азамат алданып қалса, көмектесуге әзір екендерін айтып, жеке нөмірге жіберген SMS-кодты сұратады.
Мұндай тұлғалардың арбауына түспес үшін мына жайттарды естен шығармаңыз:
қоңыраулар немесе SMS-хабарламалар белгісіз, жасырын және бейтаныс нөмірлерден келеді;
олар сізді дереу шешім қабылдауға итермелеу мақсатында “тезірек”, “дәл қазір”, “жылдамдатыңыз” деген сынды сөздерді айтуы мүмкін;
әдетте алаяқтар сенімді сөйлейтіндіктен олардың айтқаны рас болып көрінуі ықтимал. Кейде мұндай адамдар сыпайылық танытып, сізге жаны ашығандай кейіп танытады;
сіздің қойған сұрақтарыңызға жауап беруден жалтаруға тырысады;
үшінші тұлға білмеуі тиіс ақпаратты, атап айтсақ, жеке куәлік немесе картаға қатысты деректерді, ЖСН, сәйкестендіру кодын т.б. сұрайды.
Сонымен қатар “сіз ұтыс жеңімпазы атандыңыз, сыйлықты алу үшін төлем жасау керек” деген сынды хабарламаларды да алаяқтар жіберетінін біле жүріңіз.
Алаяқтың хабарласып тұрғанын білсеңіз, не істеген жөн?
Егер жоғарыда айтылған жағдайға кезіксеңіз, келесі әрекеттерге көшіңіз:
өзіңіздің қобалжып тұрғаныңызды көрсетпеңіз;
артық ақпаратты айтудан аулақ болыңыз;
нөміріңізге келген SMS-код жайлы тіс жармаңыз.
Қоңырау шалған тұлға өзінің айтқандарын орындауды талап етсе, оған ойлануға уақыт керек екенін хабарлаңыз. Осы сәтте мобильді қосымшаңызға кіріп, шотыңыздағы қаражатты тексеріңіз.
Егер алаяқ сізді дереу шешім қабылдауға итермелеуге тырысса, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін банкке хабарласатыңызды айтыңыз.
Әлдекім сізге банк қызметкері немесе қаржы ұйымының басқа бір бөлімінен қоңырау соғып тұрғанын айтқан жағдайда, бірінші кезекте азаматтардың өтінішін қабылдау бөлімінің нөмірін сұраңыз.
Ал егер сіз ұтыс жеңімпазы атандыңыз деген хабарламаға ие болсаңыз, интернеттен сол науқан жайлы ақпарат іздеп көріңіз. Басқа біреуге бір тиын ақша аудармаңыз.
Алаяқтарға кезіксеңіз, кімге хабарласу қажет?
Егер сіз алаяқтармен тілдескен болсаңыз, бірінші кезекте есепшотыңыз бар банкке телефон арқылы немесе жазбаша түрде хабар беріңіз. Осы орайда ForteBank клиенттері callcenter@fortebank.com электронды поштасына хат жолдай алады. Бұл хатта қоңырау қай нөмірден келгені, сізге хабарласқан адам өзін кім деп таныстырғанын және қандай ақпарат сұрағанын көрсетуді ұмытпаңыз. Егер алаяқ хабарлама жолдаса, оның скриншотын жіберуге болады.