Көптеген отандасымыздың батырлығы лайықты бағаланбай келеді

06 мамыр 2022, 20:18

Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Ұлы Жеңіс қарсаңында Отан қорғаушы күнін тойлаудың символдық мәні зор екенін, Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында өшпес із қалдырғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
 Президенттің айтуынша, соғыс кезінде халқымыз көзсіз ерлік пен қайсарлық көрсетті.

– Республикамызда соғысқа дейінгі жылдары құрылған зауыттар мен соғыс кезінде көшірілген кәсіпорындар армияны қамтамасыз етуде, Жеңісті жақындатуда зор рөл атқарды. Фашистік басқыншылармен шайқаста жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін Қазақстаннан шақырылған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Қан майданда қазақтың арулары да  ерлікпен шайқасты. Қаһарман қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың аты аңызға айналды. Биыл Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толады. Ол – 300-ден астам әуе жорығын жасаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әйгілі ұшқышқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бірақ әлі де көптеген отандасымыздың батырлығы лайықты бағаланбай келеді. Сондықтан тарихи әділдік орнату – Отан алдындағы қастерлі міндетіміз, – деді Қазақстан Президенті.     
Мемлекет басшысы сол себепті, бүгін сұрапыл соғыстағы ерлігі еленбей қалған батырларымызға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, атақты мергендер Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменов және атқыштар батальонының командирі Александр Несмияновтың есімдерін атап өтті.

– Осы қаһармандарымызға тиісті атақтарын беру – тарихи әділдікті орнату деген сөз. Біз даңқты ерлеріміздің рухына тағзым етеміз. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің  ерлігін жадымызда жаңғырту – перзенттік парызымыз. Олардың өмір жолы ұрпаққа үлгі-өнеге бола береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.