«Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті

10 желтоқсан 2021, 18:21

Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуының табысты тәжірибесі және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет тәуелсіздігінің қалыптасуындағы тарихи рөлі - 2021 жылғы 10 желтоқсанда Назарбаев орталығында (Нұр-Сұлтан қ.) өткен «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» халықаралық конференциясында талқыланған басты мәселелер.

Конференция Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған бағдарламадағы негізгі іс-шаралардың бірі. Оған танымал халықаралық саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтестері қатысты.

Конференция аясында өткен «Тәуелсіздіктің бағдары мен белестері» пленарлық отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин құттықтау сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы тәуелсіздік таңында әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткенін, содан кейін Қазақстанның бүгінгі күнге дейінгі өрлеуі мен серпінді дамуының негізі болғанын атап өтті.

«Тұтастай алғанда, тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік институттар, ішкі және сыртқы саясатты тиімді жүзеге асыру-осының бәрі бүгінгі Қазақстанның табысты дамуы үшін берік іргетасқа айналды», - деді Парламент Мәжілісінің спикері.

Н.Нығматулиннің айтуынша, қазіргі Қазақстан өзінің 30 жылдық прогресінің жетістіктері мен табыстарына сүйене отырып, төртінші онжылдықтың басты мақсаттарын қуатты мемлекет және бәсекеге қабілетті ұлт ретінде көреді. «Бұл үшін біз ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси-экономикалық реформаларды және қоғамдық сананы жаңғырту процесін жүргізуді жалғастырамыз, уақыт сын-қатерлеріне бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырамыз», - деді ол.

Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков Н.Ә.Назарбаевтың Ресей Федерациясымен көпжақты достық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы рөлі мен маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды. Оның пікірінше, «Еуразиялық экономикалық одақтың құрметті төрағасы ретінде Елбасы еуразиялық интеграция тетіктерін жетілдіру, оны басқа интеграциялық бастамалармен ұштастыру жолында қажырлы еңбегін жалғастыруда. «Біз қазақстандық достардың жетістіктерін құптайтынымызды атап өткім келеді. Одақтастық қатынастарды нығайту мен дамыту, стратегиялық әріптестік пен Қазақстанмен интеграциялық байланыстарды тереңдету бағытын берік ұстануды жалғастырамыз», - деп атап өтті спикер.

ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің қалыптасуы жағдайындағы құқықтық жүйенің дамуының негізгі кезеңдері туралы айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстанның құқықтық жүйесі қалыптасуының бастапқы кезеңінде іс жүзінде құқықтық вакуум жағдайында болған. Шындықтың жаңа тарихы өзінің ұлттық құқығын қалыптастыру қажеттілігі туралы мәселені барынша өткір қойды. Реформалар халықаралық құқық нормаларын ескере отырып, Қазақстанда ұлттық құқықтық жүйенің негізін қалауға көмектесті.

Сондай-ақ Қ.Мәми Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына, атап айтқанда, саяси реформаларға тоқталды.

 Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әсерлі жетістіктерін талқылай отырып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Тұңғыш Президентінің жеке басшылығымен қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттің барлық элементтерін қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті. «Қысқа мерзім ішінде нарықтық экономиканың жұмыс істеуінің ілгері заңнамалық базасы құрылды, жаңа банктік және фискалдық жүйе енгізілді. Жаңа сауда-экономикалық байланыстар құру және кәсіпорындарды нарықтық жағдайларға бейімдеу бойынша шаралар қабылданды. Отандық бизнесті дамыту үшін жағдай түбегейлі өзгерді», - деді Е.Тоғжанов.

Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерін мойындау оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, тәуелсіз және егемен Қазақстанның негізін қалаушы, беделімен және жеке қасиеттерімен тығыз байланысты. ЕҚЫҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының Ливия жөніндегі арнайы өкілі Ян Кубиш өз пікірін білдірді.  «Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы сәттерінен бастап алға басқан жолы прагматизммен және барлық шешімдердің эволюциялық сипатымен ерекшеленді. Осының барлығы қоғамның негізгі жалпыұлттық құндылықтары - ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, жоғары руханиятпен зайырлылық, ашық диалог идеологиясы, толеранттылық, елдегі этностық, мәдени және діни әртүрлілікті өзара түсіністік пен құрметтеу негізінде берік орнықты». Ол Қазақстанның ең алдымен ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы өңірлік және жаһандық көшбасшылығының, сондай – ақ Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етуінің, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуын мысал ретінде атап өтті.

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз сөзінде үздіксіз дамудың үш онжылдығының басты қорытындысы ұлт құрудағы жетістік болып табылатынын ерекше атап өтті. «Біз аяғымызда нық тұрмыз. Біз өзімізді екінші рөлде көруді доғардық, көптеген қорқыныш пен алаңдаушылық сезімін жойдық. Біз өзімізді өз жеріміздің, тағдырымыздың, бүгініміз бен болашағымыздың толық иелері ретінде сезінеміз. Табыстар бізге сенімділік берді, сенімділік салауатты амбициялар, амбициялар – батыл ұмтылыстарға жетеледі», - деді Д.Абаев.

Ұлы Ұлттық жиналыстың бұрынғы спикері, Түркияның бұрынғы премьер-министрі Бинали Йылдырым Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен Қазақстанның Түркітілдес мемлекеттердің интеграциясына қосқан зор үлесіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті көтерген бастамалар халықаралық деңгейде кеңінен танылып, Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті берік ұстануының көрінісі болды. «Келесі жылы АӨСШК 30 жылдығы атап өтіледі, ол да Нұрсұлтан Назарбаевтың құрлықтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке жәрдемдесуге арналған жобасы болды. Біз паназиаттық ынтымақтастық пен еуразиялық интеграция оның ұлы мұраттарының бірі болғанын білеміз», - деді ол.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы-ректоры Гүлмира Қанай ана мен баланы қолдау, гендерлік саясатты дамыту, сондай-ақ жастардың рөлі туралы айтып берді.

Пленарлық отырысқа бейнебайланыс арқылы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, жаһандық жасыл өсім институтының президенті Пан Ги Мун, Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, Германияның бұрынғы федералдық канцлері Герхард Шредер, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер, М.В. Ломоносов атындағы ММУ ректоры Виктор Садовничий қатысты. Әлемдік саясаткерлер өздерінің құттықтау сөздерінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін мойындап, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөлін атап өтіп, бүкіл Қазақстан халқына өсіп-өркендеу, тұрақтылық пен қауіпсіздік тіледі.

Конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар баяндама жасаған «Тарих сабақтары», «Қоғам және құндылықтар», «Одан әрі даму басымдықтары» атты үш панельдік сессия өтті.

 Анықтамалық ақпарат

Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

 Панельдік сессияларда сарапшылар ретінде сөз сөйлегендер: Камал Харази - Иран Ислам Республикасының халықаралық қатынастар жөніндегі стратегиялық кеңесінің төрағасы, Анатолий Торкунов - Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры (Ресей), Сунь Чжуанчжи - Қытай қоғамдық ғылымдар Академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры (Қытай), Михаил Липкин - Ресей Ғылым академиясының жалпы тарих институтының директоры (Ресей), Анвар Насиров - Орталық Азия халықаралық институтының директоры (Өзбекстан), Мұратбек Иманалиев - Қырғыз Республикасы СІМ Дипломатиялық академиясының халықаралық қатынастарды талдау орталығының директоры, бұрынғы сыртқы істер министрі, ШЫҰ Бас хатшысы (Қырғыз Республикасы), Катрин Пужоль - INALCO Ұлттық Шығыс тілдері және өркениеттері Институтының Орталық Азия тарихы мен өркениеті профессоры (Франция), Кристиан Герпфер - «Әлемдік құндылықтар» зерттеу қауымдастығының (WVSA) президенті (Австрия), Олег Макаров - Беларусь Республикасы Президентінің жанындағы Беларусь стратегиялық зерттеулер институтының директоры (Беларусь), Абдугани Мамадазимов - Тәжікстан саясаттанушылары Ұлттық қауымдастығының төрағасы, Тәжік ұлттық университетінің доценті (Тәжікстан), Александр Дегтярев - Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының кеңесшісі (Ресей), Ольга Видова - Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының биографы (Ресей), Кристоф Мор - Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстан мен Өзбекстандағы өңірлік өкілдігінің басшысы (Германия), Артур ван Дизен - ЮНИСЕФ елдік кеңсесінің жетекшісі (Қазақстан).

 Панельдік сессияларда белгілі қазақстандық қоғам қайраткерлері, ғылыми ұйымдардың басшылары, сарапшылар сөз сөйледі – Қуаныш Сұлтанов, Мұрат Бақтиярұлы, Вера Ким, Ерлан Сыдықов, Серік Сейдуманов, Еркін Әбіл, Анар Фазылжанова, Болат Сұлтанов, Сұлтан Әкімбеков, Андрей Чеботарев, Саясат Нұрбек, Оразғали Селтеев, Сабина Садиева, Эмин Әскеров.

 Пленарлық отырыс модераторы - «QAZAQSTAN» РТРК басқарма төрағасы Ләззат Танысбай, панельдік сессиялардың модераторы - ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.