Көзбояушылық: Ақтөбеде көпбалалы анаға 2 млн теңгенің жалған сертификатын сыйлаған

16 наурыз 2021, 11:47

Ақтөбе облысының әкімі көпбалалы анаға 2 млн теңгенің сертификатын сыйға тартқан. Бірақ көпбалалы ананың қуанышы көпке созылмады, себебі сертификаттың еш құны болмай шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Астана арнасының хабарлауынша, көпбалалы ана Айсұлу Күздібаева Ақтөбеге жақында көшіп келген. 5 баланың анасы жатақханаға орналасқан. Жатақхананың ұядай бөлмесі өте тар, жөндеу көрмеген, оның үстіне жиһазы да жоқ. Көпбалалы ананың әлеуметтік жағдайы туралы естіген волонтерлер жатақхана бөлмесін жөндеп, үйге керек-жарақтарды алып берген. 

"Жастар болып өзіміз көмектесейік деген шешімге келдік. Алдымен көпбалалы ана тұрып жатқан бөлмені сылау, сырлау, түсқағаз жабыстыру және тағы басқа. Керек заттардың бәрін сатып алдық, жиһазға тапсырыс бердік. Жөндеу жұмыстарын осыдан бірер апта бұрын аяқтадық. 1 наурыз күні Айсұлу Күздібаеваны алғыс айту күніне орай өткен салтанатты іс-шараға шақырдық. Сол шарада Ақтөбе облысының әкімі көпбалалы анаға 2 млн теңгенің сертификатын сыйлады. Бірақ отбасы ақшаны қолма-қол ала алмаған, өйткені сыйлық жарамсыз болып шықты", - деді "Жаңғыру жолы" жастар қанаты, "Әзірбайжандықтар қауымдастығы" филиалының жетекшісі Шахеддин Азимов. 

 
"Сертификатты облыс әкімі өзі табыстады. 2 млн теңгем бар деп қуанып, үстіне ақша қосып басқа пәтер аламын деп ойлағам. Көршілеріме дейін қуанып, құттықтап келді. Сөйтсек жай қағаз екен", - дейді Айсұлу Күздібаева. 

Ал шенеуніктер болса көпбалалы анаға еш құны жоқ сертификаттың берілетіні туралы ескертілгендігін айтады. Яғни сертификат облыстық халық ассамблеясы филиалының атынан көпбалалы аналарға қандай көмек көрсетіліп жатқандығын көрсету мақсатында табысталған. 

"Біз жастардан жатақхана бөлмесін жөндеуге қанша қаржы кеткенін сұрадық. Олардың айтуынша, жөндеу жұмыстары мен жиһаз алуға 2 млн теңгеге жуық ақша жұмсалған. Жұмсалған соманы көрсету мақсатында біз Айсұлуға 2 млн теңгенің сертификатын сыйға тарттық. Ол бізден сертификат берілмей тұрып ақша беріледі ме деп сұрады. Біз оған ақшалай берілмейтінін және ол ақшаға жатақханада тұрып жатқан бөлмеге жөндеу жұмыстарының жасалғанын айттық", - дейді Қазақстан халық ассамблеясы Ақтөбе облыстық секретариатының жетекшісі Маржан Қорғанбаева.  

Сюжетте айтылғандай, Айсұлудың өзі жұмыс істемейді және жолдасы көмектеспейді. Ал отбасы болса өз баспаналарының болғанын қалайды.