Кітап алуға 26 млн теңге бөлінген: Көкшетау Мемлекеттік университетінде өзбек ономастикасы оқытыла ма

06 мамыр 2022, 20:05

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің оқытушылары мекеме басшысына қатысты шағымдарын жеткізді. Университет лекторы, техника ғылымдарының кандидаты Ержан Әкімовтің айтуынша, 2020 жылы университеттің кітап қоры жаңа оқулықтармен толыққан. Алайда олардың оқу әдістемесіне еш қажеті жоқ болып шыққан. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

 
«2020 жылы 26 млн теңгеге кітаптар сатып алынды, онда біздің кафедраға қажетті кітаптар жоқ, өтінімге кім қол қойғаны белгісіз. 11 млн теңгеге 11 бейнедәріс сатып алынды. Сызба геометриясы бойынша осы бейнедәрістердің бірде біреуін ешкім қараған жоқ. Себебі оның бізге түкке қажеті жоқ. Ректор бізбен әдебиеттер тізімін келіскен жоқ және кітаптарға қажетті қаражатты мақсатсыз жұмсады. Оқулықтар арасында өзбек тіліндегі кітаптар, мұнай өнеркәсібі, мақта және т.б. туралы кітаптар сатып алынды. Олар университетке еш қажет емес. Мен, 2020 жылы кафедра меңгерушісі ретінде әдебиеттер сатып алу жөніндегі өтінімге қол қоймадым, себебі бұл мәселе кафедрада қаралмай тұрып, әдебиетке тапсырыс беруден бас тарттым. Ал ректор ақшаны ішкі оффшорға – «Эпиграф» баспасына бөлді. Бұрын ол «Білім әлемі» ЖШС басшысы болып жұмыс істеген және осы кітаптардың сатылымына қатысты барлық операциялар оған жақсы таныс», - дейді Ержан Әкімов.
Бұдан бөлек, университет қабырғасында KPI жүйесінің сыйақысына қатысты да дау туындаған екен.

«2019 жылы мен KPI бойынша сыйақыны әділетсіз бөлу туралы өзімнің наразылығымды білдірдім, 20 млн теңге әділетсіз бөлінді. 2020 жылы KPI бойынша 2 млн теңге бөлінді, 2020 жылдың 25 маусымында 110 қызметкер ZOOM арқылы KPI сыйақысына арналған жиналыс кезінде наразылықтарын білдірді. Ректор бұл мәселені қайта қараймын деп, сол күйі барлығын тағы да алдады», - дейді Ержан Әкімов.
Лектордың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жазған шағымында университет ректорының оқу қабырғасында жүргізген жөндеу жұмыстарына қатысты да деректер көрсетілген.

«2018 жылдың қыркүйек-қазан айларында ректор бас ғимараттың дәлізіндегі фойеде жөндеу жұмыстарын жүргізді, дәліз бен фойенің көлемін кішірейтті. Бұл ғимараттың техникалық ережелеріне сай емес. Сонымен қатар, емен қызыл есіктерін арзан есіктерге ауыстырды. Ал 2019 жылы 20-25 млн теңгеге (тек сметалық құжаттамаға 10 млн теңге жұмсалды) акт залына жөндеу жүргізді, барлық қызыл креслоларды алып тастап, оның орнына ыңғайсыз арзан орындықтар қойылды», - делінген шағымда.
Сонымен қатар, Ержан Әкімов университет оқытушыларының жалақы мәселесі де күні бүгінге дейін шешілмей отырғанын айтады. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі еліміздегі бірқатар ЖОО-да сабақ беретін оқытушылардың жалақысына қатысты нақты цифрларды атады. Яғни оқытушылар - 206 мың теңге; аға оқытушылар - 241 мың теңге; профессорлар - 376 мыңгеден кем жалақы алмауы тиіс. Ведомство ұсынған мәліметке сүйенсек, бұл тізімде дәл осы Көкшетау Мемлекеттік университеті де бар. Алайда Ержан Әкімовтің айтуынша, аталған білім беру мекемесінде қыркүйек айынан бастап аға оқытушыларға 185  мың, ал ғылым докторларына 250 мың теңге жалақы тағайындалды. Қаңтар айынан бастап аға оқытушыларға еңбекақысы 210 мың теңгеге дейін ғана көтеріліпті.

«Студенттер саны 5 мыңға жуық ЖОО-да 5 проректор, 3 заңгер, 2 ректордың көмекшісі, тіркеу офисінің басшысы бар. Соңғысының жалақысы 700-800 мың теңгеден төмен емес, проректорлардың жалақысы 800 мың теңгеге жуық, проректорлар мен офис тіркеушілерінің ешқайсысы аудиторияларда сабақ өткізбейді», - деп шағымданды лектор.
Аталған мәселелерден бөлек, оқытушылар Ғалымдар үйіндегі коммуналдық қызмет құнының күрт өскеніне де шүйліккен. Айтуынша, бір топ ғалым оқу орнының басшысына төлемақыны төмендету туралы өтініш те жазған екен.

«Коммуналдық төлемақылардың өсуі мен жалдау ақысының енгізілуі онсыз да мардымсыз еңбекақымыздың елеулі бөлігін отбасымыздың бюджетінен бөліп, балаларымыздың аузынан жырып төлеуге мәжбүрміз. Мысалы өткен 2021 жылдың қыркүйек айында 16 мың теңге, қазан айында 18 мың теңге, қараша айында 29 мың, желтоқсан айында 34 мың теңгенің маңында төлемақы төлеген тұрғын, енді 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 56 мың теңге коммуналдық төлемдер мен жалдау ақысын төлеуге мәжбүр. Яғни төлемақы 1 айдың ішінде 22 мың теңгеге немесе 64 пайызға бірден ұлғайған. Басқа қалалардан арнайы шақырумен келген, 1-2 бөлмелі пәтерде тұратын ғалымдарға бұл жағдай жасалып жатқан қиянат деп есептейміз», - делінген оқытушылардың ректорға жазған өтінішінде.
Бүгінде Ержан Әкімов инженерлік технологиялар және көлік кафедрасы меңгеруші лауазымынан босатылғанын мәлімдеді. Айтуынша, оның орнына тағайындалған маманның бұл салаға еш қатысы жоқ. 

Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселелерге қатысты Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетіне хат жолдады. ЖОО-ның бұл мәселеге қатысты жауабын алдағы уақытта жариялайтын боламыз.