Құтқарушылардың зейнетке шығатын жасы өзгеруі мүмкін

12 желтоқсан 2021, 23:03

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин құтқарушылардың зейнетке шығу жасын қысқарту туралы заң нормасы қаралып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Үкімет басшысының депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр.

Оның аясында мынадай мәселелер пысықталуда:

- азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін беру, жауынгерлік іс-қимылдарға жақындатылған жағдайларда жұмыс істегені үшін үстемеақылар төлеу;

- құтқарушыларды азаматтық қорғаныс органдарының арнайы шен берілетін қызметкері қатарына қосу арқылы олардың зейнетке шығу жасын қысқарту;

- азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлеріне қызмет бабы бойынша қоныс аударумен байланысты шығындарды өтеуге көтерме жәрдемақы төлеу, мүлкін тасымалдау шығындарын өтеу.

«Жалпы, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері мен құтқарушыларын әлеуметтік қамсыздандыру шараларын жақсарту мәселесі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мен бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай қаралады және уәкілетті орган мен Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деп түйіндеді Асқар Мамин.